ОҚО-ның денсаулық ұйымдары медициналық ақпараттық жүйемен қамтамасыз етіледі

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысындағы жедел медициналық көмек қызметін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында келесі айда бірыңғай Call-орталығымен планшет арқылы байланыспен жабдықталған 74 бірлік санитарлық автокөлік жұмысын бастайтын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
None
None

Бұл туралы қаладағы №4 облыстық перинаталдық орталықта ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бастаған жұмысшы топ алдында баяндама жасаған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев мәлім етті.

Оның айтуынша, аталған жаңа жүйе әрбір медициналық көмек бригадасына науқасқа жету уақытында онлайн режимде пациент туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Облыстың медициналық ұйымдарын кешенді медициналық ақпараттық жүйемен қамтамасыз ету мақсатында екі кезеңде жүзеге асырылатын іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Бірінші кезеңге сәйкес, жыл басынан бері облыстың 35 амбулаториялық-емханалық ұйымында медициналық ақпараттық жүйе орнатылған. Екінші кезеңге сәйкес жылдың соңына дейін 68 медициналық ұйымда медициналық ақпараттық жүйе құру жоспарланып отыр.

«Облыста кешенді медициналық ақпараттық жүйе қолданысқа енгізілуде. Бұл жүйені іске асыру үшін 8 582 компьютер сатып алынды. Жылдың соңына дейін облыстың барлық медициналық ұйымдары 100 пайыз компьютермен жабдықталатын болады. Яғни, бірыңғай сервер медициналық ұйымдарды пациент туралы электрондық ақпарат алмасу үшін байланыстырады. Жинақ ақпарат автоматтандырылған түрде жергілікті атқарушы органдардағы ситуациялық орталығына түсіп отырады», - дейді Мұқан Егізбаев.

Жаңа жүйе қоланысқа енсе, қағаз түріндегі құжат айналымы азайып, науқастардың медициналық ұйымдары арасында жүруін едәуір қысқартады. Сондай-ақ, облыс халқы республикада алғашқылардың бірі болып, электрондық денсаулық паспорттарына қол жеткізбек.

Биыл облыста модульдік яғни құрамалы медициналық пункттерді сатып алу жоба іске қосылды. Жыл соңына дейін 20 модульдік медициналық пунктер ел игіліне берілмек. Осындай бір пункттің құны жергілікті бюджет үшін құрылыс салуға қарағанда екі есе арзанға түседі. Мәселен, құрылыс жүргізуге 2 жылдай уақыт кететін болса, модульдік медициналық бектерді 2 ай ішінде құрастырып, тұрғызуға мүмкіндік бар. 2018 жылы облыста дәл осындай құрамалы медициналық пункттердің саны 67-ге жеткізілмек. Аталған жоба толық іске асса, облыстың медициналық пункттерге деген қажеттілігін қысқа мерзімде 100 пайызға өтеуге мүмкіндік туғалы отыр.

Бұдан бөлек, өңірдегі ана өлімінің көрсеткіші биылғы жылдың 8 айында 44 пайызға төмендеген. Сондай-ақ, нәрестелер өлім-жітімінің көрсеткіші соңғы 5 жыл ішінде азайды. Өйткені, аймақта балалар мен босанатын әйелдерге жәрдем беру мақсатында медициналық көмек көрсетудің біріктірілген үлгісі қолданысқа енгізілді.

Атқарылған жұмыстарға оң баға берген Үкімет басшысы жедел медициналық көмек қызметін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатындағы жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. 

Соңғы жаңалықтар