ОҚО-ның индустриалды аймақтарында жаңадан 20 кәсіпорын іске қосылады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында негізгі басымдық индустриалды аймақтарды дамытуға беріліп, қосымша 20 кәсіпорынды  іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Елбасы Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері атты» Жолдауында «индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» деп атап өткен болатын. Соған сәйкес ағымдағы жылы өңірде 11 индустриалды аймақта жалпы құны 40 млрд теңгенің жобасы жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде 1500-ден астам адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

Биыл іске қосылатын ірі кәсіпорындардың бірі - «Шымкент Темір» серіктестігі  болат құю өндірісімен айналысады.  Жоба құны 4 млрд 290 млн теңгені құрайтын зауыт жылына 240 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы болады. Зауыт толық іске қосылған жағдайда 349 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр.  Аталған кәсіпорынның жұмысымен танысқан облыс басшысы зауытқа мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін де атап өтті. Биыл сондай-ақ, жалпы құны 7,5 млрд теңгені құрайтын металлургия зауытының құрылысы жүргізілуде. 100 адамды жұмыспен қамтитын «Амир-А» ЖШС жылына 150 мың тонна металл өнімдерін шығаруды жоспарлап отыр. Қазіргі кезде екі зауытта да құрылыс жұмыстары белсенді түрде жүруде.

«Өңірге тартылған инвестицияға келетін болсақ,  облыс экономикасына 482 млрд теңге инвестиция бағытталып отыр. Бұл көрсеткішпен облыс республикада алдыңғы орында. Яғни, осы өңірге инвестиция тарту мақсатында өткен жылы шетел инвесторларымен 40-тан аса іскерлік кездесулер өткізілген. Нәтижесінде, Ресеймен  кіші гидроэлектрстанциясының құрылысы, Қытаймен - биоэтанол мен фосфор тыңайтқышы зауыттары, күн сәулесінен электр қуатын өндіретін электрстансасының құрылыстарын  жүргізу жөнінде келісімдер жасалды. Инвестиция тарту жұмыстарын күшейту және шетелдік инвесторлармен жұмысты ұйымдастыру мақсатында 2017 жылдың маусым айынан бастап облыста «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ өңірлік өкілдігі ашылды. Жалпы өткізілген инвестициялық форумдар мен іс-шаралардың нәтижесінде, өткен жылы сырттан тартылған инвестиция көлемі 94,6 млрд теңгені құрап, өсім 48%-ға жетті»,-деді Жансейіт Түймебаев.

Айта кетейік, былтырғы жылы облыста Индустрияландыру картасы аясында 36,4 млрд теңгеге (1 мыңға жуық жұмыс орны) 18 жоба іске қосылған болатын.

Соңғы жаңалықтар