ОҚО-ның Қажымұқан стадионының жарық беру жүйесі жаңғыртылды
Бұған дейін шешімін таппай келе жатқан жарық мәселесі жергілікті командалардың өз алаңындағы ойындарын өткізуге көп кедергі жасағаны белгілі. Қазақстанның футбол лигасы орталық стадионда ойындар өткізуге тиым салған соң, «Ордабасы» өз кездесулерін «БИІК» алаңқайында өткізген болатын. Сондай-ақ ЕУРО лига аясындағы кездесулерін Алматының Орталық стадионында ойнады. Енді мемлекеттік бюджеттен бөлінген 204 млн теңге қаржыға сапалы жарықшамдар орнатылды.
Мамандардың айтуынша, еліміздегі үшінші ірі стадион саналатын алаңда жарық қондырғылары соңғы 50 жылдан бері алмастырылмаған. Спорт нысаны ЕУРО талаптарына сай, яғни италиялық заманауи электр қондырғыларымен жабдықталды.
Жарықшамдардың жарық беру қабілеті бірнеше функциялы. Атап айтқанда, жаттығу жұмыстарына, ресми ойындарға және телетрнасляциялы ойындарға арналған. Аталған алаңда «Ордабасылықтар» алғашқы кездесуін өткізіп, жеңіске жетті.