ОҚО-ның Төлеби ауданына жаңа әкім тағайындалды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі және Төлеби аудандық мәслихатының келісімі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Төлеби ауданының әкімі лауазымына Бұхарбай Парманов тағайындалды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

 ОҚО-ның Төлеби ауданына жаңа әкім тағайындалды

Бұхарбай Рысқұлұлы Парманов 1962 жылы туған, білімі жоғары, экономист, құқықтану бакалавры.

Еңбек жолын 1980 жылы Қазығұрт ауданы Әлішер Науаи колхозының колхозшысы ретінде бастаған. Мемлекеттік қызметті өткеруді 1986 жылы Кентау қалалық қаржы бөлімінің мемлекеттік кірістер инспекциясының экономисті лауазымында кірген. 1987-1994 жылдары Ленин (қазіргі кезде Қазығұрт ауданы) аудандық қаржы бөлімінің мемлекеттік кірістер экономисті, аға салық ревизоры-инспекторы, бас салық ревизоры-инспекторы, Ленин ауданы (қазіргі кезде Қазығұрт ауданы) бойынша мемлекеттік салық инспекциясының мемлекеттік салық инспекторы, аға мемлекеттік салық инспекторы, инспекциясының бас мемлекеттік салық инспекторы болған.

1994-2002 жылдары аралығында салық және қаржы полициясы органдарында қызмет еткен. 2002-2014 жылдары аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы бойынша салық комитетінің төрағасының орынбасары және төрағасы, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

2014 жылдың ақпан айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының әкімі болып еңбек етіп келді.