ОҚО өндірісіне ҚазҰУ-дың ғылыми жобалары енгізілмек
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында білім және ғылым өкілдерінің қатысуымен «Ғылым-Білім-Өндіріс» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп, әкімдік пен университет арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жиынға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов пен аталған оқу орны жанындағы 10 ғылым институтының ғалымдары, өңірдегі жоғарғы оқу орындарының ғалымдары мен өнеркәсіп саласының мамандары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Президенттің биылғы жылғы Жолдауында «өндіріске инновациялар енгізу» тапсырмасы мен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған идеяларды жүзеге асыру үшін оңтүстікқазақстандықтарға Қаза қ Ұлттық университетінің ғалымдары 40-қа жуық жобаны ұсынды. Күні кеше ағана облыс орталығында ұйымдастырылған инновациялар көрмесі мен дөңгелек үстел осы тапсырманы жүзеге асырудағы бастама болып отыр. Бұл өз кезегінде оңтүстіктің экономикасын ілгерілетуге ықпал етеді.
«Әл-Фараби университетімен біз екі жағынан тығыз байланыса аламыз. Біріншісі, аталмыш оқу орны қазақ білімі мен ғылымының еліміздегі қара шаңырағы болса, екінші жағынан Әл-Фарабидің туған жері Оңтүстік Қазақстан облысы. Осы жағынан біз бірлесіп жұмыс атқарып, ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосуымыз қажет. Осы мақсатта университетпен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Осының аясында Әл-Фарабидің туған жері Отырар ауданында және Түркістан қаласында археологиялық қазба жұмыстарын бірлесе отырып, ары қарай дамыту көзделіп отыр. Және облыста көптеген жаңа қалашықтар табылып жатыр, солардың бірі Шымкентегі Абылай ханның ордасы болған «Хан қорған» деген жер бар, одан кейін Әбу насыр Әл-Фарабидің өскен жері Отырар болса, туған жері «Оқсыз» қалашығында ешқандай қазба жұмыстары жүргізілмеген. Осы археологиялық қазба жұмыстарды Сіздердегі мамандармен бірлесе отырып жасауға дайынбыз»,-деді өңір басшысы.
Сонымен қатар, облыс әкімі жыл сайын университет ұйымдастырып келетін жыл сайынғы конференцияның бірін Оңтүстік Қазақстанда өткізуді және аталған оқу орнының оқытушы профессорлары өңірге келіп лекция оқыса деген ұсынысын білдірді. Осындағы жас ғалымдардың Әл-Фараби университетінен тәжірибе алмасуын ұйымдастыру қажеттігін айтты.
Дөңгелек үстелде бірқатар ғалымдар мен кәсіпорын өкілдері өндірістегі экологиялық және әлеуметтік жағдайды жақсарту мақсатында баяндама жасады. Азық-түлік пен химиялық технологиялар, фармацевтика мен медицина, агроөнеркәсіп кешендері мен мұнай-газ өнеркәсібінде, биотехнологиялар мен IT-технологиялар салаларындағы инновациялық жобаларды облыстың өндірістеріне енгізу жайын сөз етті.
Айта кетейік, күнгейде тәуелсіздік алған 25 жылда жалпы өңірлік өнімдегі өнеркәсіптің үлесі 15%-дан 28%-ға дейін артқан. Бұл өндіріске жаңа технологиялар және заманауи жобалардың енгізілуі, жаңа өнім түрлерін шығарудың арқасында қол жеткізілген жетістік. Сондықтан аталмыш университет тек қана тәлім беріп қана қоймай, сонымен қатар ғылыми жетістіктерін өндіріске жемісті енгізуде.
Мәселен, Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары облыстағы «Химфарм» АҚ-ында «Лимонидин» отандық майын шығаруды ойлап тапса, «Шымкент құс» ЖШС-мен бірлесе құс шаруашылығына биологиялық белсенді құрама жем шығаруды қолға алып отыр.