ОҚО: Отырар ауданының Аққұм аулында жөнделген көше ашылды
Ауыл тұрғындарын мереке қарсаңында қуанышқа бөлеген шараға аудан әкімінің орынбасары Әбдіғали Жүнісов арнайы қатысып, көпшілікті құттықтады.
«Еліміз егемендігін алған 25 жылдың ішінде қарыштап дамып, мемлекетіміз экономикасы жоғары елдер қатарына енді. Егемендік алған жылдар мен қазіргі жағдайды салыстыру мүмкін емес. Еліміз өркендеді, өсті, әсем де сұлу қалалар бой көтеріп, жолдар жөнделді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сай облыстар мен қалаларды, аудандар мен ауыл-аймақтарды абаттандырып, көркейту үшін қаржылар көптеп бөлінуде. ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл аясында Елбасымыздың сындарлы саясатын орындау барысында Жәнібек Омарұлы көшесінің орташа жөндеу жұмыстары аяқталып, Сіздердің игіліктеріңізге беріліп отыр», - деген аудан әкімінің орынбасары өзінің ізгі лебізін білдірді.
Шараның лента қию құрметіне Жәнібек Омарұлының інісі Қаныбек Омаров пен Ә.Жүнісов ие болды. Шара соңында Қаныбек Омаров көпшілікке алғыс жаудырып, ақ батасын берсе, ауыл өнерпаздары әсем әннен шашу шашты.