ОҚО полицейлері табиғатты қорғау тәртібін бұзғандарға 250 мың теңге айыппұл салды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының ІІД Көші-қон қызметі табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері «Табиғатты қорғау» алдын алу іс-шарасын өткізді. Экологиялық қылмыс пен құқықбұзушылықтарды анықтауға және оның жолын кесуге бағытталған шарада жер қойнауын өз бетінше пайдаланушылардың әрекеті әшкере болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жедел алдын алу іс-шарасы өткен бес тәулікте 4 экологиялық қылмыс ашылды. Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесудің 3 оқиғасы, жер қойнауын өз бетінше пайдалану дерегі бойынша бір дерек анықталған. Мәселен, Сарыағаш ауданында рейдтік іс-шаралар жүргізу барысында полицейлер Келес өзенінде заңсыз жер қойнауын пайдаланған 1983 ж.т. жергілікті тұрғынды ұстады. Айғақты зат ретінде олардан экскаватор және жүк көліктері тәркіленіп алынды. Осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 334-бабы «Жер қойнауын өз бетінше пайдалану» бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ атқарылған іс-шаралар нәтижесінде табиғатты қорғау заңы бойынша 86 әкімшілік құқықбұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, азаматтар балық аулау ержелерін бұзудың 15 фактісі, жасыл екпелерді күтіп ұстау мен қорғау қағидаларын бұздың 16 фактісі анықталды. Ал, аң аулау және жануарлар дүниесін пайдалану ережесін бұздың 33 дерегі анықталды, 20 дерек басқа да құқықбұзушылықтармен байланысты болды. Барлық анықталған әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, 250 мың теңге айыппұл салынды.