ОҚО прокуратурасы 13 жасар қызды зорлау фактісіне түсініктеме берді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында 13 жасар қызды зорлау мен оны мектеп-интернатынан шығару оқиғасына қатысты прокурорлар мәлімдеме жасады. Қадағалау органы өкілдерінің айтуынша, жасөспірімге азғындық жасаған жұмысшының үстінен қылмыстық іс қозғалып, қазір сотта қаралып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
None
None

«Ордабасы ауданында болғай жағдайға байланысты 13 жасар қыздың анасы 2 шілде 2017 жылы аудандық полицияға арызданды. Бұл дерек  бойынша арыз түскен күні Қылмыстық кодекстің 120- бабы 3-бөлігімен («Зорлау, кәмелетке толмаған адамға қатысты») іс қозғалды. Сот-медициналық сараптамалар тағайындалып, күдікті қамауға алынды.

Ал, 3 тамыз күні жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты сезіктіге қосымша Қылмыстық кодекстің 121-бабы 3-бөлігімен «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері»  айып тағылды. Тергеу амалдары тоқтатылған жоқ. 25 тамыз күні іс сотқа жолданып, облыстық прокуратураның бақылауына алынды. Процессуалдық прокурор ретінде сотқа облыстық прокуратураның қызметкері қатысуда. Қазіргі таңда сот тыңдаулар өтіп жатыр. Сонымен қатар жәбірленуші қызды Ордабасы ауданы мен Шымкент қаласындағы білім беру мекемелері қабылдаудан бас тартты деген дерек бойынша Облыстық білім басқармасынан арнайы комиссия құрылып тексеру шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Егер бұл жағдай расталса, білім мекемелері басшыларына нақты шаралар қолданылатын болады. Бүгінде прокуратура тарапынан жәбірленушінің анасына қызына көмек көрсету үшін психологтың қызметі ұсынылды» делінген Облыстық прокуратура таратқан ақпаратта. 

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Ордабасы ауданында  13 жастағы оқушы қызды зорлап тастағаны туралы ақпарат тараған болатын. Онда жалдамалы жұмысшының азғындық әрекетін сіңілісі көріп қалып, анасына айтқаны белгілі. Кейіннен жасөспірімнің анасы полицияға арызданғанымен тәртіп сақшылары істі созбалаңдылыққа салып, тіпті сотқа кіргізбей қойғанын жеткізген. Ол аздай қызының жағдайынан хабардар болған  Шымкенттегі мектеп-интернат басшылығы да оны білім мекемесінен қуып жатыр деп көмек сұраған еді.

Соңғы жаңалықтар