ОҚО: Жолдасын темірмен ұрып өлтірген 20 жастағы жігіт сотталды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласында кісі өлтірген 20 жастағы жігітке қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетейік, қылмыстық оқиға өткен жылдың тамыз айында болған. Кешкі уақытта Арыс АІІБ-нің кезекші бөліміне тұрғын үйлердің бірінен мәйіттің табылғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына келіп жеткен полицейлер белгісіз біреулер өлтіріп кеткен ер азаматтың жергілікті жердің тұрғыны екенін анықтады.
Тергеу барысында белгілі болғандай, жергілікті тұрғындар ішімдік ішу барысында өзара жанжалдасып қалған. Соңынан 20 жастағы жігіт жолдасының басынан темір затпен бірнеше рет ұрып, оны мерт қылған.
Ол айғақты заттардың көзін жойып, мәйітті де жасырмақ болған. Бірақ күдікті көп ұзамай-ақ тәртіп сақшыларының қолына түскен. Осы жайт бойынша Қылмыстық кодекстің 99-шы («Қасақана кісі өлтіру») бабы бойынша іс қозғалып, сотқа жолданған болатын. Арыс аудандық соты айыпталушыны кінәлі деп тауып, оны 11 жылға бас бостандығынан айырды.