ОҚО жыл соңында сандық телехабар таратуға көшеді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы биыл сандық телехабар таратуға көшеді.

ОҚО жыл соңында сандық телехабар таратуға көшеді

Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысында Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Елдос Нәшірәлі мен «Қазтелерадио» АҚ-ның тұтынушыларды қолдау және сату орталығы директоры Ғани Тұматовтың қатысуымен өткен брифинг барысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БАҚ өкілдерімен кездескен спикерлер жаңа форматқа көшуді қамтамасыз ету үшін үлкен жұмыстың атқарылғандығын атап өтті.

Атап айтқанда, өңірде 79 радиотелевизиялық стансылар салынып, олардың тарату аумағы 2,4 млн халық тұратын 860 елді мекенді қамтыды. «Телерадио хабарларын тарату» Заңында телерадионың хабар таратуы жаңа форматқа көшетінін халыққа алдын ала хабарлау керектігі көрсетілген. Осыған байланысты облыс әкімдігінде арнайы жиын өтіп, онда сандық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшуді қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген.

«Сандық эфирдің аналогтық жүйеден айтарлықтай артықшылықтары бар. Атап айтқанда, сандық технология арқылы жоғары сападағы бейне мен дыбысқа қол жеткіземіз. Сондай-ақ, таралымы ауқымды көптеген телеарналарды көру мүмкіндігі туады. Мәселен, облыс орталығында 30 арнаға дейін, ал ауылдағы көрермендер кемінде 15 арнаны тамашалай алады», - деді Елдос Нәшірәлі.

Қазіргі уақытта облыста осы бағытта дайындық жұмыстары жүргізілуде. Елімізде осы жылдың аяғына дейін Манғыстау, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының сандық таратылымға көшуі жоспарланып қойыпты.