Өкпе обасы төтенше қауіпті және ол адамдарға ауа-тамшы жолымен жұғады - Ресей дәрігері
АСТАНА. Тамыздың 5-і. ҚазАқпарат - Қытай провинцияларының бірінде жақында анықталған және үш адамның өмірін қиған өкпе обасы төтенше қауіпті және ол адамдарға ауа-тамшы жолымен жұғады, деп хабарлады сейсенбі күні «РИА «Новости» агенттігіне Ресейдің бас терапевті, пульмонолог-дәрігер Александр Чучалин.
«Өкпе обасы ерекшек қауіпті инфекцияға жатады. Ол - адам өміріне қауіп төндіретін күйдіргі обасы сияқты агрессиялық инфекциялардың бірі», дейді маман.
«Әдетте, өкпе обасының қоздырғышын күзендер, қосаяқтар, басқа да кеміргіштер, оның ішінде жылы климатта тұратын атжалмандар тасымалдайды. Осы жануарлар індеттің табиғи көзі болып табылады», дейді дәрігер.
«Қытаймен қарым-қатынастың қарқындылығын және шекаралас екенімізді ескерсек, жағдай мәз емес», деді сарапшы өз сұхбатында.
Қытайдың Цзыкэтань қаласында өкпе обасынан үш адамның көз жұмғанын ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлаған болатын.
Адам өміріне қауіпті оба ошағы Қытайдың солтүстік-батысындағы Цинхай провинциясының Цзыкэтань қаласында шілденің 30-ында анықталған болатын. Қытай үкіметі осыған байланысты қаланы карантинге жауып тастады. 10 мың халқы бар Цзыкэтань қаласында обамен ауырудың 12 оқиғасы расталып отыр. Тоғыз науқас стационарлық жағдайда ем қабылдауда, біреуінің жағдайы ауыр.