Өкпе обырына тексеруден өткендердің 4,3%-ынан күмәнді өзгерістер анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда өкпе обыры туралы хабардарлықты арттыру апталығы аясында 914 адам төмен дозалы компьютерлік томографиядан өтіп, оның 39-ынан өкпедегі қатерлі үдеріске күдік тудыратын ошақты өзгерістер анықталды, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.
Іс-шаралар онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі Кешенді жоспар аясында халықтың хабардарлығын арттыруға және өкпе ауруларын ерте анықтауға бағытталған.
Апта барысында 1 287 адам онколог дәрігерлердің кеңесін алды. Олардың 914-і кеуде қуысы ағзаларына төмен дозалы компьютерлік томографиядан өтті.
Акцияға Қазақстан тұрғындарымен қатар шетелде тұратын отандастар да қатысты. Мәселен, Германиядан келген екі қазақстандық елде болған кезінде акцияға қатысып, медициналық тексеруден өткен.
Тексеру нәтижесінде 39 адамнан немесе тексерілгендердің 4,3%-ынан өкпеде қатерлі үдеріске күдік тудыратын ошақты өзгерістер анықталды. Олардың барлығы өзгерістердің сипатын нақтылау және диагнозды растау үшін қосымша тексеруге жіберілді.
Сонымен қатар мамандар обыр алды өзгерістердің 70 жағдайын немесе 7,7%-ын анықтады. Бұдан бөлек, 433 адамнан немесе 47,4%-ынан басқа аурулар табылған.
Қатысушыларға қосымша 218 диагностикалық зерттеу мен зертханалық талдау жүргізілді.
– Апта қорытындылары тек онкологиялық үдеріске күдік тудыратын өзгерістерді ғана емес, сонымен қатар әрі қарай медициналық бақылауды қажет ететін обыр алды жағдайлар мен басқа да ауруларды анықтауға мүмкіндік беретінін көрсетті. Ерте диагностика мәселені дер кезінде анықтап, қажетті емді уақтылы бастауға мүмкіндік береді. Сондықтан жоғары қауіп тобына жататын адамдар тексеруден өтуді кейінге қалдырмағаны маңызды, – деді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының радиология және ядролық медицина бөлімінің меңгерушісі Жандос Аманқұлов.
Акция кезінде онкологтар қатысушыларға зерттеудің мақсаты мен маңызын, ерте диагностиканың қажеттілігін түсіндіріп, олардың сұрақтарына жауап берген. Министрлік мәліметінше, түсіндіру жұмыстарынан кейін бастапқыда тексеруден бас тартқан көптеген адам шешімін өзгертіп, зерттеуден өткен.
Мамандар жоғары қауіп тобына кіретін азаматтарға тексеруді кейінге қалдырмай, диагностикадан өту қажеттілігін дәрігермен талқылауға кеңес береді.
Айта кетейік, Қазақстанда өкпе обырын жасанды интеллект арқылы анықтау ұсынылды.