Өкпесінің 70 пайызы зақымданған 72 жастағы кейуана коронавирусты жеңіп шықты
Оның айтуынша, ауру аяқ астынан басталған, дене температурасы 39 С дейін көтеріліп, құрғақ жөтел пайда болғандықтан бастапқыда ЖРВИ деп ойлап, 7 күн бойы үйінде антибиотиктермен емделген.
Алайда, үйде қабылдаған ем көмектеспей, артынша тынысы тарылып, алқына бастағандықтан жедел жәрдем көлігімен науқас аудандық ауруханаға жеткізіледі.
«Кеуде қуысының рентгенографиясы және ПТР диагностикалық зерттеу қорытындысында «вирустық пневмония» диагнозы анықталды. Қордай аудандық ауруханасында науқас бес күн бойы ем қабылдаған, алайда жағдайы жақсармады. Сосын оны Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жұқпалы аурулар құрылымына ауыстырды. 5-ші бөлімнің меңгерушісі Танабаева А. және емдеуші дәрігер Тлекеева А. науқастың өкпесінің 70% зақымданғанын анықтады» деп хабарлады басқармадан.
Пациенттің екі өкпесі бірдей қабынып, соның салдарынан өкпесіне ауа жетпей қалған. Дәрігерлер егде жастағы әйелге оның ауруының дәрежесін түсіндіріп, емдеу жоспарымен бөлісті.
Ақ халаттыларға сенім білдерген ол барлық тағайындауларды қатаң сақтады. Нәтижесінде 16 күннің ішінде қарт ана қауіпті індеттен құлан-таза айыққан.
Ауруханадан шыққан Л.Судник медицина қызметкерлеріне кәсібилігі мен ілтипаты үшін алғыс айтып, аурухана қызметкерлеріне денсаулық пен амандық тіледі.