Оксфорд университетінде ислам өнері мен әдептері талқыланады

АСТАНА. 19 сәуір. ҚазАқпарат - Ислам құқығы мен әдебі орталығы (CILE) сәуірдің 30-ынан мамырдың 2-сіне дейін Оксфорд университетінің Таяу Шығыс орталығында «Өнер және әдеп» тақырыбында семинар өткізетінін жариялады. Бұл жайында Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітінің ресми сайты хабарлайды.

Оксфорд университетінде ислам өнері мен әдептері талқыланады

Бұл аталмыш ұйымның мұрындық болуымен өтетін екінші шара болайын деп тұр. Шараға ислам құқығының теориясы мен тәжірибесі саласында тер төгіп жүрген ғалымдар мен мамандар шақырылып отыр. Семинарды ұйымдастырушылар ислам өнері мен оның әдебі жайлы мәліметтерге қол жеткізетініне үмітті. Семинарға Фиқһ жөніндегі еуропалық кеңестің мүшесі, доктор Абдалла әл-Жудай, жазушы, доктор Әлі әл-Омари, әл-Азһар жоғарғы оқу орнының ғалымы, доктор Ессам Таллема секілді көрнекті тұлғалармен қатар Швециядан, Мароккодан және Канададан делегациялар қатысады.

«Ислам өнері мен әдебі орталығы қолданбалы әдеп негізінде ислам құқығы мен әдеп мәселелерін зерделейді. Аталмыш орталық қасиетті Құран мен Сүннеттің және Исламның биік мақсаттары негізінде жаңаруға, жаңғыруға бастайтын реформаларды белгілеу арқылы әлемді әділетті әрі әдепті етуге ықпалын тигізуді көздейді», - деп жазады muslim.kz.