Оқшаулаудан өзімізді қорғауға көшуіміз қажет - Марат Бәшімов
«Коронавирус індетіне қатысты статистикалық деректер бізде де, әлемде де әлі күнге тұрақсыздық тынытып тұр. Иә, індеттің беті қайтып, вирусқа шалдыққандардың саны азайып келе жатыр. Дей тұрғанмен осы күнге дейін елімізде 102 287 адамның ауырғаны белгілі. Тек өткен тәуліктің өзінде ғана елімізде 439 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Өлім-жітім әлі де бар. Коронавирус індетінің таралуы бірнеше есе төмендегендіктен және экономикалық өсімді қалпына келтіру үшін қатаңдатылған карантин шараларын кезең-кезеңмен алып тастау өте орынды. Ел Үкіметі де 17 тамыздан бастап осындай қадамға барғалы отыр», - деді Марат Бәшімов.
Осы ретте Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры дүйсенбіден бастап карантин шаралары кезең-кезең алынғанымен кейбір шектеу шараларының қала беретіндігіне назар аудартты.
«Бұл дұрыс та. Халықты қажетті тауарлармен және қызметтермен қамтамасыз ету үшін кейбір коммерциялық құрылымдар жұмысын бастайды. Алайда сенбі және жексенді күндері карантин шаралары қолданыста болатындығы белгілі. Мұның барлығы да корнавирус індетінің қайтадан өршіп, билік тағы да мәжбүрлі түрде нақты қадамдарға бармауы үшін аса маңызды. Сондықтан ендігі уақытта халық өзін-өзі оқшаулаудан өзін-өзі қорғауға көшуі қажет», - деді ол.