Оқу-ағарту министрі оқулықтардағы 700 қате жөнінде Президент сынына жауап берді
АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп оқулықтары толық талданып, 700-ге жуық қате анықталғанын айтты. Министрдің айтуынша, географиялық атаулардың қате жазылуы, оқушылардың жас ерекшелігіне сәйкес келмейтін мазмұны және тарихи даталардың нақтыланбауы сияқты мәселелер бар.
Бұл туралы Жұлдыз Сүлейменова Астанада өтіп жатқан республикалық Тамыз конференциясында тілшілерге сұхбат берді.
– Біз 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі барлық оқулықтың мазмұнын қарадық. Сол жерде 700-ге жуық қате таптық. Оның ішінде облыстарымыздың дұрыс жазылмауы, жас ерекшеліктеріне сәйкес келмеуі, кейбір тарихи маңызды даталардың нақтыланбауы сияқты өрескел қателер бар, – деді министр.
Қазіргі уақытта анықталған қателер ескеріліп, оқулықтарды кезең-кезеңімен жаңарту жұмысы басталды.
– Қазір 7-11 сынып оқулықтары жаңадан басылып, олардың ішіндегі барлық қателер түзетілді. Енді 9, 8 және 4-сынып оқулықтары кезең-кезеңімен сәуір айына дейін басылып шығады, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министр оқулықтарды сараптау жұмысына өзі де қатысқанын атап өтті.
– Бізде 15 баспа бар. Сол баспалардың барлық оқулықтарын жеке өзім отырып қарадым. Сонымен бірге министрліктің салалық комитеттері мен сарапшылардың бәрі қарады. Жаға ұстайтындай көптеген қателерді көрдік, – деді ол.
Бұған дейін республикалық Тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп оқулықтарындағы қателерді сынға алған болатын.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы тексерілмеген тарихи деректер мен оқиғалар, сондай-ақ балаларға жалған «қаһармандар» мен олардың «ерлігі» туралы аңыздар енгізілген оқу материалдарын қайта қарау керектігін айтты.