Оқулықтардан 700-ден астам қате табылды - Тоқаев
АСТАНА. KAZINFORM – Мектеп оқулықтарын тексеру барысында 700-ден астам өрескел қате анықталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл олқылықтар орта білім сапасына нұқсан келтіретінін айтып, оқу материалдарын қайта қарауды тапсырды.
– Жақында Үкімет жұртшылыққа нәтижелі жұмыстың қорытындысын жариялады. Мектеп оқулықтарынан 700-ден астам өрескел қате табылған. Мұның бәрі орта білімнің сапасына нұқсан келтіреді десек, артық айтқандық емес, – деді Қ. Тоқаев елордада республикалық Тамыз конференциясында.
Президент тексерілмеген тарихи деректер мен оқиғалар сипатталатын, балаларға жалған «қаһармандар» мен олардың «ерлігі» жөнінде әңгімелейтін аңыздар енген оқу материалдарын қайта қарау қажеттігін айтты.
– Жалған, ойдан құрастырылған мәліметтер тарату арқылы балаларды отаншылдыққа тәрбиелеу жақсылыққа апармайды. Бұл халқымыздың ар-ұжданына қайшы, – деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Президент «Өрлеу» орталығын сынға алып, педагогтерді аттестациялау талаптарын жеңілдетуді тапсырған еді.
Президент мұғалімдерді қағазбастылықтан, аттестациядан және пайдасыз тексерістерден босатуды тапсырды.