Оқу ақысын төлей алмайтындығына байланысты 200 мыңнан аса студенттің оқудан шығып қалу қаупі бар ? С. Тұрсынов

АСТАНА. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Елімізде оқу ақысын төлей алмайтындығына байланысты 200 мыңнан астам студенттің оқудан шығып қалу қаупі бар. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Сағынбек Тұрсынов осылай мәлім етті,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бүгінгі күні еліміздегі 140 жоғары оқу орнында 633 мың 814 студент оқиды. Олардың 118 мың 629-ы грант бойынша, 505 мың 323 ?і ақылы негізде білім алады. Алайда, жоғары оқу орындарында білім ақысының көтерілуіне және әлемдік қаржылық дағдарыс жағдайына байланысты көптеген студенттер мен ата-аналар оқу ақысын төлей алмайтын халге жетіп отыр. Алматы қаласының белді 10 жоғары оқу орындарында жұмыс істеп жатқан студент омбудсмендерінің мәліметі бойынша, 2008-2009 оқу жылының күзгі кезеңінде Алматы қаласында оқу ақысын төлемегендіктен 85 мыңнан астам студент кезекті емтиханға жіберілмеген. Басқару академиясындағы бір ғана факультеттегі 50 студенттің 30-ы осындай жағдаймен емтихан тапсыра алмаған. Сондықтан да тез арада мәселенің шешімі табылмаса ақы төлеп оқитын студенттердің 40 пайызға жуығы немесе 200 мыңнан астам студент емтиханға жіберілмейді», деді депутат. С. Тұрсыновтың айтуынша, соңғы жылдары жоғары оқу орындарындағы оқу ақысының мөлшері негізсіз көтерілген. Мәселен, республикамыздағы кейбір оқу орындарында ақылы білім Еуропа, Азия елдеріндегі Оксфорд, Бейжің университеттерінің ақылы мөлшерінен де асып түскен. «Бүгін ата-аналар қолдағы малын шығындап, банктерде үлкен несиеге батып отыр. Оның үстіне 200 мыңның үстіндегі студенттер емтихан тапсыра алмай оқудан шығарылса, оларды тез арада жұмыспен қамтамасыз ету де оңай емес. Алдын алмасақ, осы мәселе елімізде әлеуметтік дағдарысқа әкеп соғуы да мүмкін», деді депутат.
Соңғы жаңалықтар