Оқу орнындағы әлімжеттік: Оралда мектеп басшылығы тәртіптік жауапкершілікке тартылды

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында ата-ана шағымынан кейін мектеп басшылығы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 

Оқу орнындағы әлімжеттік: Оралда мектеп басшылығы тәртіптік жауапкершілікке тартылды
Фото: Александр Павский/Kazinform

Kazinform тілшісі бұдан бұрын Орал қаласының тұрғыны қызын сыныптастары ұрып-соққаны жөнінде шағым түсіргенін жазған болатын. 

Аталған мәселеге байланысты БҚО білім басқармасынан мәлім еткеніндей, 8 қараша күні № 20 орта мектептің тәрбие бөліміне бір оқушының телефонын сыныптастары тартып алып, бермей жатқаны жөнінде шағым түскен.

Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жансая Меңдіғалиева сыныпқа кірген кезде оқушылардың телефонды қайтарғаны туралы айтылған. Қыздың жағдайын сұраған уақытта ол «Бәрі жақсы, телефонымды қайтарды», - деп жауап берген.

Сол бойда оқушыларға біреудің затын рұқсатсыз алуға болмайтыны туралы түсіндірме жұмысы жүргізілген. Қыздың ата-анасынан шағым түскеннен кейін мектеп өкілдері Шаған полиция бөліміне шақыртылған. 

«Мән-жайды толық анықтау мақсатында мектепте ата-аналар жиналысы өткізілді. Бірақ анасы қызын мектепке әкелмеді. Барлық сынып оқушылары болған оқиғаны баяндап, ата-анасынан кешірім сұрады. Жиналыстың шешімі бойынша 5 оқушы мектепішілік есепке алынды. Одан кейін ата-аналар балаларын алып, оқушының үйіне барған кезде, қыз: «Ешкім мені ұрған жоқ, ешкімге ренішім жоқ», - деген. Осы оқиғаға байланысты басқалай да профилактикалық іс-шаралар атқарылды. 4 желтоқсан күні директордың міндетін атқарушы Ж.Меңдіғалиева лауазымдық міндеттерін тиісті деңгейде атқармауы салдарынан мектептегі ішкі бақылауды әлсірету арқылы кемшіліктерге жол бергені үшін ескерту түріндегі тәртіптік жазаға тартылды», - деп хабарлады ведомстводан.

Соңғы жаңалықтар