Оқу орындарының 44,8 мың түлегі жастар тәжірибесіне тартылды

АСТАНА. Қазанның 20-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Жол картасы аясында қазанның 1-індегі жағдай бойынша оқу орындарының 44,8 мың түлегі жастар тәжірибесіне тартылды.

Оқу орындарының 44,8 мың түлегі жастар тәжірибесіне тартылды

 Бұл өткен жылғы кезеңдегі көрсеткіштен 18 есеге артық. Осы жайында бүгін биылғы жылдағы 9 айдың қорытындысына арналған Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы шара түлектердің алғашқы кәсіптік машықтануына және тұрақты жұмысқа орналасуына үлкен көмек болды»,-деді министр.

Г. Әбдіхалықованың сөзіне қарағанда, есепті кезеңде маусым айынан бастап Жол картасы аясында оқу орындарының базасында 80,5 мың адам кадрларды қайта даярлаумен қамтылған.

Атап айтқанда, 58 мыңнан астам адам Жол картасы жобаларында жұмысқа орналасу үшін және бос орындарды жасақтау мақсатында  бюджет қаржысы есебінен оқытылды. Экспорттық мамандануды іске асыру тұрғысында мемлекеттік тапсырыс бойынша 15,5 мың жас маманды оқыту басталды. Сондай-ақ шетелдік мамандарды алмастыру бағытында 5 124 кадрды және 1 523 медициналық қызметкерді қайта даярлау ұйымдастырылды.