Оқу-жаттығу: Көкжайлау шатқалындағы өртті сөндіруге тікұшақ жұмылдырылды
Сценарий бойынша Көкжайлау шатқалының оңтүстік-батыс беткейінде өрт шыққан. «Қазақ ормандарды авиациялық қорғау және орман шаруашылығына қызмет көрсету базасының» РМҚК бақылаушы ұшқышы тұтанған өртті байқап, дереу радиодиспетчерлік қызметке хабарлады.
Төтенше жағдайлар департаментінің диспетчерлік қызметінің іс-қимыл алгоритміне сәйкес, орманшыларға көмек көрсету үшін қаланың өрт сөндіру қызметтері мен авиация жіберілді.
Желдің екпіні салдарынан өрт аумағы ұлғайып, демалушы туристерге, сондай-ақ өрттің Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің орман алқабына таралуына және демалушы туристердің өміріне қауіп төнді.
Өртті сөндіру үшін «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы әуеден бірнеше тонна су төкті.
Нәтижесінде оқу-жаттығу жұмыстары сәтті өтті. Мамандар алдарына қойған міндеттерін мінсіз атқарды.
«Авиацияны пайдалану қол жеткізу қиын таулы аймақтарда өртті сөндіруде жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Аталған оқу-жаттығудың мақсаты қаланың азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарының жұмысын пысықтау, сондай-ақ таулы-орман алқаптарындағы өртті жою, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету, төтенше жағдай аймағынан зардап шеккендерді эвакуациялау болып табылады»,- деп атап өтті Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Самат Асайынов.
Оқу-жаттығуға жеке құрамнан 147 адам, 28 бірлік техника, 2 квадрокоптер, 2 әуе кемесі, 6 жылқы, 2 іздестіру иті жұмылдырылды.