Оқуға түспеген, жұмысы жоқ: Neet санатындағы жастардың саны 380 мыңнан асты
АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет қабырғасында жұмыссыз жастар мәселелері көтерілді.
БАҚ өкілдері Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрі Светлана Жақыповаға «Елімізде Neet санатындағы жастардың саны қанша? Соңғы жылдары жұмыссыз жастар саны өсіп бара жатыр, мәселенің алдын алу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?» деген сауал қойылды.
«Бүгінде Neet санатындағы жастардың саны 380 мыңнан асып отыр. Көбі мектеп бітірген соң оқуға түспеген, не жұмысы жоқ жастар. Қазіргі таңда біз жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Биыл министрліктің ұйытқы болуымен 7 мың азамат жұмысқа тұрды, — деп жауап берді Светлана Жақыпова Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихаты барысында.
Сондай-ақ, министр жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамтуда тың бастаманы қолға алып жатқанын айтты.
«Мәселен, Астана қаласындағы „Шапағат“ тағы сол сияқты сауда орталықтары маңында 300-дей азамат таңнан кешке жейін шоғырланып тұрады. Сол жерден 10 жанұяны Солтүстік Қазақстан облысына көшіріп, жұмысқа орналастырдық. Бұл оң нәтиже беріп отыр. Бастаманы нормативтік-құқықтық жағынан реттеп, оның алгоритмін жергілікті атқару органдарына жеткізіп, осындай шараларды қолға алып отырмыз», — деп толықтырды ведомство басшысы.
Еске сала кетсек, былтыр NEET санатындағы жастардың әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатына тұрақты мониторинг жүргізілетіні айтылған еді.
Үкіметтің 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы бойынша жұмыссыз жастар үлесін 3,5%-ға дейін төмендету жоспарланған болатын.