Оқулықтардағы қажетсіз тақырыптарды қысқарту керек — Асқар Жұмаділдаев

АСТАНА. KAZINFORM — Мектеп оқулықтарындағы оқу материалдарын қайта қарап, оқушыға қажетсіз тақырыптарды қысқарту керек. Бұл туралы ғалым-математик, мемлекет және қоғам қайраткері Асқар Жұмаділдаев Астанада өтіп жатқан Тамыз конференциясы кулуарында айтты.

Оқулықтардағы қажетсіз тақырыптарды қысқарту керек — Асқар Жұмаділдаев
Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

Ғалым білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу мәселесіне де тоқталды және ЖИ қолданудың артықшылықтарымен қатар, кері әсері де болуы мүмкін екенін атап өтті.

— Жасанды интеллект бізге керек. Алайда оның жаман жақтары да бар. Қазір балалар үй тапсырмасын орындамайды, есеп шығармайды, шығарма жазбайды, кітап оқымайды. Тапсырма берсеңіз, оны жасанды интеллектіге беріп, дайын жауабын көшіріп бере салады. Бұл дұрыс емес. Осыған қарсы шара табуымыз керек, — деді Асқар Жұмаділдаев тілшілерге берген сұхбатында.

Ол мектептегі барлық оқушыны бірдей мамандыққа бағыттау мүмкін емесін, білім мазмұнын оқушының болашақ қажеттілігіне қарай қалыптастыру қажет екенін айтты.

— Жұрттың бәрін математик қыла алмайсың. Оқушылардың аз ғана бөлігі математиканы терең меңгеріп, осы бағытқа барады, қалғаны басқа кәсіпті таңдайды. Сондықтан мен назар аударатын екі үлкен сабақ бар. Олар — тіл және математика. Екеуінің де негізгі міндеті — құрал болу. Математика да — құрал, тіл де — құрал. Өкінішке қарай, біздің зиялы қауым «тіл — құрал емес, тіл бай, әуезді» дегенді көп айтады. Бұл маған керегі жоқ. Бұл мамандардың өзінен басқа ешкімге керек емес. Ең бастысы құрал деп қарау керек. Математикада да, тілде де керек емес тақырыптар өте көп. Оның бәрін жүйеге келтіру қажет, — деді Асқар Жұмаділдаев.

Айта кетейік, Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен педагогтердің Тамыз конференциясының пленарлық отырысы басталды. Оған еліміздің барлық өңірінен 600-ден астам білім саласының қызметкерлері мен еңбек ардагерлері қатысты.

Қазақстанда 2019 жылдан бері 511 жаңа ауыл мектебі салынған.

Елімізде ауыл мен қала оқушылары арасындағы білім алшақтығы 5 балға қысқарған.

Сондай-ақ оқушылардың мінез-құлық мәдениеті жаңа KPI арқылы бағаланады.