«Оқулық» орталығын Ұлттық білім академиясымен біріктіру қажет - Ғ. Есім

АСТАНА. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Еліміздегі «Оқулық» орталығын Ұлттық білім академиясымен біріктіру қажет.
None
None

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Ғарифолла Есім осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Соңғы жылдары орта мектептің оқулықтары, олардың сапасы туралы республикалық басылым беттерінде сыни мақалалар жиі шыға бастады. Жалпы жылдар бойы көтеріліп келе жатқан оқулық сапасы жөніндегі әңгімелер де, оның айналасында атқарылып жатқан іс-шаралар да оқу құралдарының сапасын жақсартуға айтарлықтай әсер етпеді. Ал, он екі жылдық білім беру жүйесіне көшу кезінде оқу-әдістемелік құралдардың аса маңызды бөлігінің бірі «оқулық - қандай болмақ?» деген сұрақ бізді толғандырады. Он екі жылдық білім жүйесіне білім берудің әрбір деңгейлерінің арасында сабақтастық болуы қажет. Ал қазіргі біздің жағдайымызда «Оқулық» орталығы бір бөлек, Ұлттық білім академиясы өзінше бір бөлек жұмыс атқаруда. Осының салдарынан оқулық сапасы, ұлттық тәрбиенің жағдайы, білім сапасы оңалмай отыр», деді сенатор.

Оның айтуынша, 12 жылдық білім беру стандарттарын әзірлейтін Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының қарауына оқулық әзірлеумен айналысатын әрі оның сапасына жауап беретін функцияны беру қажет. Осыған орай Ғ. Есім бірқатар орталықтарды, оның ішінде «Оқулық» орталығын Ұлттық білім академиясымен біріктіру қажеттігін, оны атына сай жандандыру керектігін алға тартты. «Ілгері уақытта бұл солай болған, оның үстіне бірқатар ТМД елдерінде әлгіндей тәжірибе әлі де бар. Осылай біріктіргенде ғана білімнің мазмұны мен оған қойылатын талап және оқулық сапасын жетілдірудегі жұмыс бір бағытта және жүйелі түрде жүреді деп есептеймін. Бұл мәселе, әсіресе Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған 2020 жылға қарата он екі жылдық оқу жүйесіне өту үрдісінің сапалық жүруіне басты кепілдің бірі болмақ», деді сенатор.

Соңғы жаңалықтар