Оқулықтағы сапасыз олқылықтарды жою үшін «Оқулық» атты бағдарлама әзірленуі керек - Қ. Сұлтанов

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Қуаныш Сұлтанов осылай мәлім етті.
«Тәуелсіз мемлекеттігімізге 20 жыл болып, бір ұрпақ өсіп шықса да, Үкіметтің уақыт сұранысына жеткізе алмай жүрген аса маңызды мәселесі - мектеп оқушыларына арналған оқулықтар сапасы. Бұл туралы 20 жыл бойына дамылсыз айтылып келеді. Жай айтылып жүрген жоқ, қоғам, ата-аналар тарапынан, БАҚ-да қатаң сын талдауымен толассыз көтеріліп келеді. Әсіресе бастауыш сыныптарға арналған танымдық оқулықтар, орта, жоғарғы сыныптарға арналған тарих, әдебиет, дүниетаным тағы басқа оқулықтар мазмұны жағынан бала, жасөспірім өскін үшін түсініксіз, тартымсыз, дарынсыз жазылғаны туралы шағым, арыздар да жеткілікті. Олардың көпшілігі баланы оқуға ынталандырмайды, қызықтырмайды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев алдағы 20 жылға стратегиялық дамуымыздың негізгі бағыттарын белгілеп берді. Сол бағыттардың талабына бүгінгі оқулықтар сай келе ме? Оған нақты сараптама жасалды ма? «Назарбаев-Университеті» де, Назарбаев интеллектуалдық мектептерінің жаңа бағдарламалары оқулықтармен толық жасақталды ма? Елбасы сондай-ақ болашақ ұрпақты - қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде оқытуды міндеттеді. Сол оқулықтардың мазмұны қандай?», деген сауалдарды алға тартты сенатор.
Бұған орай, депутат бір мысалды да келтірді. Оның айтуынша, еліміздің мектептеріне ұсынылған 6-сыныпқа арналған ағылшын тілі оқулығында нағыз оспадарсыз қате кеткен. Білім министрлігі бекіткен «Атамұра» баспасынан 2006 жылы шыққан «English» оқулығының авторлары Т.Аяпова, З.Әбілдаева. «Осы оқулық ішінде Ресейге тән мысалдар - адам, жер аттары қаптап жүр. Ең қиянаты - «Болашақ» деген тарауда, 121 бетте Еуропа, Азия, Африка картасы берілген. Онда Қазақстан мемлекеті атымен жоқ. Ресейдің құрамына кіріп кеткен. Осындай оқулықты министрлік екінші басылыммен таратқан. Бұл не? Кітап авторлары мұндай картаны қай ғасырдан алған? Немесе Министрліктің біліксіздігі, білімсіздігі ме? Қолжазбаны қабылдауға немқұрайлылық па? Жоқ әлде, болашаққа жастарды осылай өз Отанынсыз дайындау ма? Мұндай оспадарлық үшін кім жауап беруі тиіс? Осы жағдайларды ескере отырып, Үкімет Президент Жолдауына сәйкес арнайы «Оқулық» атты жаңа бағдарлама жасауы орынды болар еді», деді сенатор. Оның айтуынша, еліміздегі барлық оқулықтар түгелдей дерлік өте жоғары дәрежедегі мамандар топтарының сараптамасынан өтуі тиіс. Оқулықтарға байланысты тендерлер түгелдей арнайы бақылауға алынуы қажет. Бұдан бөлек, оқулық жазатын адамдар шығармашылық топтарға ұйымдастырылып, арнайы аттестациядан өткізілуі шарт. «Олар әсіресе гуманитарлық, адамның рухани санасы мен дүниетанымын қалыптастырып, сондай-ақ жаңа технологияларға жол ашатын пәндерді қатаң сараптама сүзгісінен өткізіп, Президент айтқан «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» Жолдауына бейімдеу ісін жүзеге асыру меніңше кезек күттірмес мемлекеттік маңызды міндет», - деді Қ. Сұлтанов.