Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Оқушыларымыз өткен оқу жылында халықаралық олимпиадаларда 1 059 медаль жеңіп алды - Сүлейменова

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан оқушылары өткен оқу жылында халықаралық олимпиадаларда 1 059 медаль жеңіп алды. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты.

Қазақстандық жас математиктер Балқан олимпиадасында әлемнің үздік бестігіне енді
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

- Бүгінде Қазақстан халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен оларды дайындаған педагогтерге мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілетін санаулы елдердің бірі. 2022 жылдан бастап халықаралық зияткерлік жарыстарда елімізді лайықты түрде танытып жүрген дарынды оқушылар мен олардың педагогтерін ынталандырудың жүйелі тетігі қалыптасты. Атап айтқанда, олимпиада жеңімпаздарына медаль деңгейіне байланысты 500-ден 1500 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде біржолғы сыйақы тағайындалды, - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Оның айтуынша, 2025-2026 оқу жылында қазақстандық оқушылар 44 халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстарға қатысып, 1 059 медаль және 57 арнайы марапатқа ие болды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда марапаттар санының 96 пайызға өскенін көрсетеді.

- Қазақстан құрамасы робототехника бойынша төрт дүркін әлем чемпионы, химия бойынша Халықаралық олимпиаданың үш дүркін чемпионы, ал физикада абсолютті чемпион атанды. Осы жылдың ең маңызды жетістіктерінің бірі Колумбияда өткен 56-Халықаралық физика олимпиадасында тарихи жеңіс болды. Қазақстан құрамасының барлық бес қатысушысы алтын медаль жеңіп алып, ел тарихында бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді, - деді министр.

Бұған дейін жаңа оқу жылында оқушылар қандай курстарды міндетті түрде оқитынын жазған едік.