Оқушыны түнгі уақытта Playstation клубына кіргізген азамат жазаланды

Павлодарда түнгі уақытта ойын клубтарын жағалайтын жасөспірімдер азаймай тұр. Қысқы демалыс күндері полицейлер рейд жүргізіп, сағат түнгі 22.00-ден кейін көшеде, қоғамдық орындарда бақылаусыз жүрген мектеп оқушыларын анықтаған, деп хабарлайды Kazinform.

жазаланды
Фото: ашық дереккөзден

- Кәмелетке толмаған ер бала түнгі мезгілде ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық мекемесінде болған. Playstation клубын жалға алушы азаматқа қатысты әкімшілік материал толтырылып, сотқа жіберілді. Сондай-ақ 13 жасар баласын бақылаусыз қалдырғаны үшін анасы да жауапқа тартылды, - деді Павлодар қаласы полиция бөлімі оңтүстік полиция бөлімінің аға инспекторы Юлия Сүндетова.

Өткен жылы аймақ бойынша 70-тен астам ойын-сауық мекемелері осындай кемшілікке жол беріп, құқық қорғау органдарынан тиісті жаза арқалаған. Бұған қоса балаларының түнгі серуені үшін 2 391 ата-ана жазаланды.

Полиция қызметкерлері әлгіндей рейдтерді тұрақты жүргізгеніне қарамастан, клуб иелері артық пайда таппақ ниетпен қолданыстағы заңнамаға көз жұма қарап отыр.

Соңғы жаңалықтар