Оқушыға дауыс көтерген ақтаулық мұғалімге сөгіс жарияланды
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтауда оқушыға дауыс көтеріп, дөрекі сөйлеген мұғалім жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтаудағы №1 мектепте ұстаздың оқушыға дауыс көтеріп сөйлеп жатқан видеосы әлеуметтік желіде тарағаннан кейін Маңғыстау облыстық Білім басқармасы қызметтік тексеру жүргізді.
Видеодағы ер адам математика пәнінің педагогі ретінде 2018 жылдың 8 қаңтарында жұмысқа қабылданған.
«Аталған оқиға бойынша жиналыс өтті. Мұғалім кінәсін мойындап, ата-аналардан кешірім сұрады. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 64-бабы 2-тармағына сәйкес мұғалімге «сөгіс», бақылауды әлсіреткені үшін мектеп директорына «ескерту» жарияланды», - деп мәлім етті Маңғыстау облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінен.
Мұндай жағдайлар қайталанбау үшін өңірдің білім беру ұйымдарына қатаң ескерту жіберілді.