Оқушылар 93 келі балмұздақты ұрлап кетті
АСТАНА. 27 маусым. ҚазАқпарат - Ресейдің Саратов облысындағы Вольск қаласында оқушылар 93 келі балмұздақты ұрлап кеткен.
Балмұздақтың ұрлануы туралы полицияға тоңазытқыш қондырғысының иесі шағым түсірген. Оны Вольск көшелерінде қыдырып жүрген тоғызыншы сыныптың үш оқушысы ұрлаған болып шықты. Бұл жайлы РБК -ға сілтеме жасап Еуразия бірінші арнасы хабарлады.
Ішіне балмұздақ салынған тоңазытқыш құрылғысын байқаған оқушылардың бірі оны бұзу туралы ойын айтады, ал тоңазытқышты оның иесі түнгі мезгілде көшеге қалдырған екен. Сөйтіп, жасөспірімдер жалпы сомасы 16 мың рубль тұратын балмұздақты ұрлап әкеткен. Дегенмен оқушылардың 93 келіні қалай көтеріп кеткендері белгісіз.
Қазіргі таңда оқушылар ұсталды. Ата-аналары келтірілген шығынның орнын жапқанына қарамастан, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.