Оқушылар қыста да далада футбол ойнай беретін болады - Әсет Исекешев

  АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев жабық спорт алаңдарын салу жоспары жайында айтып берді , деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқушылар қыста да далада футбол ойнай беретін болады - Әсет Исекешев

«Бүгінде Астана «Салауатты қалалар» атты xалықаралық жобаға қатысып келеді. Осыған орай, мемлекеттік-жекешелік серіктестік негізінде жабық спорт алаңдарын салу жұмыстары атқарылуда. Бәріміз жақсы білеміз, біздің климатымыз сондай, біраз уақыт суық болып тұрады. Сол себепті біз мектептердің жанындағы спорт алаңдарын жауып тастауды жоспарлап отырмыз. Осының арқасында мектеп оқушылары қыста да спортпен айналыса алады», - деді Ә.Исекешев білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен Тамыз конференциясында.

Әкімнің айтуынша, биыл 59-шы мектептің жанынан пилоттық негізде бір жабық спорт алаңы ашылды. Жақын арада тағы 30 мектеп бойынша конкурс жарияланады. Соның қорытындысы бойынша аталған мектептерде де жабық спорт алаңдары салынады.

«Қазіргі кезде басқа қалаларда бір мектепке шамамен 800-1500 оқушы келеді. Ал елордада аталған көрсеткіш 1500-ге жетіп отыр. Алдағы бес жылда Астанаға тағы 120 мыңнан астам оқушы келеді деген болжам бар. 2011 жылы елорда мектептерінде 75 мың оқушы оқыса, былтыр аталған көрсеткіш 140 мыңға жетті. Биыл 155 мың оқушы болады деп отырмыз. Осыған байланысты алдағы бес жылда мемлекеттік бюджеттің есебінен 24 мектеп салынады», - деп атап көрсетті Ә.Исекешев.