Оқушылар Олимпиада чемпиондарын ұлықтады

АСТАНА. 31 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебінде 1 қыркүйек - Білім күніне арналған салтанатты жиын аясында «Мен - Қазақстанның азаматымын!» атты оқушылар форумы, сондай-ақ Лондон Олимпиадасының чемпиондарын ұлықтау шарасы өтті.

Оқушылар Олимпиада чемпиондарын ұлықтады

Назарбаев зияткерлік мектебінің биылғы форумы мемлекеттік рәміздерге арналды. Негізгі мақсат - оқушыларды патриоттық рухта тәрбиелеп, азаматтық ұстанымдарын қалыптастыру. Осы игі бастама Олимпиада чемпиондарын ұлықтау шарасымен жалғасты. Мектеп оқушылары сап түзеп, әнші Ерболат Құдайбергеновтың патриоттық рухқа толы әнінің ырғағымен биылғы Лондон Олимпиадасында чемпион атанған Қазақстан спортшыларының жеңісті сәттерін арнайы бейнеэкраннан тамашалады. Мектеп оқушылары осы бір бейнебаяннан рух алып жігерленді, қайта-қайта қол шапалақтаумен болды. Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебі жаңа оқу жылын осылай бастады. 2012-2013 оқу жылында бұл мектепте 866 оқушы білім алады.