Оқушылар сарайын Ғани Мұратбаев есімімен атау жөнінде бастама көтерілді

АСТАНА. 15 маусым. ҚазАқпарат - Орталық Азия мен Қазақстандағы жастар қозғалыстарын ұйымдастырушылардың бiрi, Қазақстан Жастар одағының жетекшiсi әрi алғашқы комсомол Ғани Мұратбаевтың туғанына биыл 110 жыл толып отыр.

Оқушылар сарайын  Ғани Мұратбаев есімімен  атау жөнінде бастама көтерілді

 Осыған орай Оқушылар сарайында «Ғани - жарық жұлдыз» тақырыбында салтанатты жиын өттi, деп жазады «Алматы ақшамы» газеті.

Патриоттық тәрбие мақсатында «Ұрпақ жалғастығы» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шараға елге белгiлi азаматтар мен қайраткердiң туыстары, Оқушылар сарайының басшылары және «Жас Ұлан» жастар ұйымының өкiлдерi қатысты.

Алдымен, Оқушылар сарайының алдындағы Ғани Мұратбаевтың ескерткiшiне салтанатты рәсiммен гүл қойылды. Өмiрден жастай кеткен Алаш жастарының көшбасшысын жиылғандар бiр минут үнсiздiкпен еске алып, кейiн сарайдың үлкен концерт залына ойысты. Онда Ғани Мұратбаевтың бейнесi түскен жалғыз шағын деректi фильм көрсетiлдi. Жиынға қоғам қайраткерлерi - генерал-майор Зақаш Қамалиденұлы, философия ғылымдарының докторы Сағындық Кенжебаев, филология ғылымдарының докторы Тынысбек Қоңыратбай, Оқушылар сарайының директоры Қуатбек Тұрысбеков қатысып, сөз сөйледi.

- Жастарымызға үлгi болар көсемдi ешуақытта ұмытпауымыз керек, - деген Зақаш Қамалиденұлы Ваганьковтағы Ғани Мұратбаевтың денесi жерленген жерде түсiрiлген суреттер мен «өмiр жолдары» атты естелiк кiтабын ұсынды. Небәрi 23 жыл ғана ғұмырында елiне, жерiне өлшеусiз еңбек еткен Ғани Мұратбаевтың жүрiп өткен жолы жиынға қатысушылар арасында кеңiнен сөз болды.

- Жастығына қарамастан көптеген беделдi қызметтердi атқарған комсомол ұйымдастырушысын бiз ұмыт қалдырмауға тиiспiз. Ғани Мұратбаевтың 110 жылдығын жасөспiрiмдердiң бойында патриоттық сезiм қалыптассын деген ниетпен ұйымдастырып отырмыз, - дедi Оқушылар сарайының директоры Қуатбек Тұрысбеков.

Қазiргi Оқушылар сарайына Ғани Мұратбаевтың есiмiн беру туралы бастама да осы жиында тiлге тиек болды. Шынымен де, Оқушылар сарайы Қызылорда облысының Қазалы ауданынан шыққан, 23 жасында бүкiл Одаққа белгiлi болып, артында өшпес iз қалдырған Ғани Мұратбаевтың есiмiн иеленiп жатса, жанында орналасқан ескерткiшi де ғимаратқа әр берiп тұрар едi.