Оқушылардың орамал тартуына тыйым салу конституциялық құқықтың бұзылғандығын көрсетеді - Р. Халмұрадов

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Білім және ғылым министрінің атына жолданған сауалында депутат Розақұл Халмұрадов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Соңғы кездері білім беру ұйымдарында, жоғары оқу орындарында халықтың діни сенім бостандығына кепілдік берілген конституциялық құқықтарының жүйелі түрде бұзылуы орын алуда. Атап айтқанда, Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушы А. Жақыпов мырза, 2009 жылғы қазанның 26-сындағы хаты арқылы облыстық білім беру басқармаларына, ЖОО ректорларына, республикалық білім беру мекемелерінде намаз оқуға және мұсылманшылық орамалдарын тартуға тыйым салу туралы нұсқаулар жіберген. Министрдің жеке блогында да оқушыларға орамал тартуға тыйым салынатындығы туралы хабарланыпты. Намаз оқу - мемлекеттік ұйымдардың ішінде намазға арналған бөлме немесе мешіт ашу дегенді білдірмейді. Өйткені, намазды жұмыстың үзілісі кезінде, жұмыс үдерісіне кедергі келтірмей, басқа орындарда оқуға болады. Ал орамал тарту нағыз хиджап кию деген сөз емес, ол бұрыннан келе жатқан дәстүр», деді депутат.
Оның айтуынша, қазақ қыздарының орамал тартуын ана-әжелердің салт-дәстүрін жалғастыру ретінде қарастыру керек. Намаз оқу, орамал тарту ғұрыптары қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіремейді, керісінше бұның имандылық тәрбиелік сипаты басым.
«Ал жоғарыдағы нұсқауда ата дінімізге қиянат жасалып отыр. Қазақстан әлемдік діндер съезін ұйымдастырушы ел ретінде танылып келеді. 2011 жылы Мұсылман елдері лигасына төрағалық ететін боламыз. Құрбан айтты мейрам ретінде белгіледік. Ендеше министрліктің нұсқаулары ел саясатына қайшы келеді. Бұндай шетін мәселеге айрықша назар аудару қажет», деді депутат.