Оқушылардың республикалық математика мұғалімдерінің І съезінің делегаттарына жасаған тартулары

АСТАНА. 11 мамыр. ҚазАқпарат - Әртүрлі халықаралық математикалық зияткерлік сайыстарда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жүрген қазақстандық оқушылар Қазақстандағы олимпиадалық қозғалыстың жоғарғы деңгейде екенін көрсетуде.

Оқушылардың республикалық математика мұғалімдерінің І съезінің делегаттарына жасаған тартулары

Республикалық математика мұғалімдерінің І съезі қарсаңында қазақстандық оқушылар съезге қатысушыларға тарту жасады, деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрілігі «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы.

Ағымдағы жылдың 4-8 мамыр күндері Яссы қаласында (Румыния) XXVIII Балқан математикалық олимпиадасы өткен болатын.

Олимпиадаға 19 елден келген 20 команда қатысты. Румыния жарысты ұйымдастырып отырған ел ретінде бейресми түрде екінші команданы қосты. Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс және 2 қола медальға ие бола отырып, бейресми есеп бойынша 6-шы орынға шықты.

Осы жылдың 1 мамыры мен 5 мамыры күндері Мәскеу қаласында «Математика және моделдеу» V Халықаралық байқауы өткен болатын. Бәйгені Әлеуметтік басқару академиясы, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті және Болгария Ғылымдар академиясының Математика және информатика институты ұйымдастырды. Осы жылдағы байқауға Болгария, Ресей, Қазақстан оқушыларының 106 жобасы ұсынылған болатын.

Байқау қорытындысы бойынша біздің оқушылар 29 медальға, соның ішінде 5 алтын, 16 күміс, 8 қола жүлдеге ие болды.

2011 жылдың 1 мамыры мен 9 мамыры күндері Тель-Авив қаласында (Израиль) физика бойынша XII Азиялық оқушылар олимпиадасы өтті, оған өңірдегі 18 елдің оқушылар қатысты. Қазақстан атынан сегіз оқушы ел намысын қорғады.

Олимпиада қорытындысы бойынша қазақстандық оқушылар екі қола және үш құрмет грамотасына ие болды.