Оқушылардың жүктемесін азайтамыз - Үкімет

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мектеп оқушыларының жүктемесін азайту мәселесін пысықтауды тапсырды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқушылардың жүктемесін азайтамыз - Үкімет

«ТМД мен ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесін зерделеп, мектеп оқушылырының жүктемесін азайту жағын қарастыру қажет. Бұдан бөлек, балаларды ерте дамыту бағдарламасын әзірлеп, 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап енгізуді тапсырамын», - деді Б.Сағынтаев.

Премьер-министр педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту, педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру, математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту, барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру, цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты интернетке қосу, мектептерді сапалы бейнематериалдармен қамтасыз ету мәселелерін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ, білім беру мекемелерінің арасындағы бәсекелестікті арттырып, жеке капиталды тарту үшін қала мектептерінде жан басына қатысты қаржыландырудың маңыздылығын жеткізді. Бұның барлығы Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында көрсетілген.

Айта кеткен жөн, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Президенттің Жолдауында білім беру саласына қатысты біраз мәселелер көтерілді.

«Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажет. Мемлекет жастарға алғашқы мамандықты береді. Үкімет бұл міндетті орындауға тиіс. Орта мектеп пен колледждер және жоғары оқу орындары үздік оқытушыларының видеосабақтары мен видеолекцияларын Интернетте орналастыру керек. Бұл барлық қазақстандықтарға, оның ішінде шалғайдағы елді мекен тұрғындарына озық білім мен құзыреттілікке қол жеткізуге жол ашады. Жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керек. Осыған орай металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био және IT-технологияларсалаларын зерттеу ісінде басымдық беретін жоғары оқу орны ғылымын дамыту керек»-діленген Жолдауда.

Бұған қоса аталмыш құжатта қолданбалы ғылыми-зерттеулерді ағылшын тіліне біртіндеп көшіруді жүзеге асыру талап етіледі. Жоғары оқу орындары шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруы қажет.

Жеке сектордың бірлескен қаржыландыруға атсалысуы барлық қолданбалы ғылыми-зерттеу әзірлемелері үшін міндетті талап болуға тиіс. Жас ғалымдарымызға ғылыми гранттар аясында квота бөліп, оларды қолдаудың жүйелі саясатын жүргізу керек. Білім беру саласына өзінің инвестициялық жобалары мен экспорттық әлеуеті бар экономиканың жеке саласы ретінде қарайтын кез келді. Жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын жасауға көбірек құқық беріп, олардың академиялық еркіндігін заңнамалық тұрғыдан бекіту керек. Оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне күш салып, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тартып, әлемдік университеттердің кампустарын ашу қажеттігі айтылған.