Оқушыны итеріп жіберген астаналық мұғалім жұмыстан қуылды
Ұстаздың оқушыға дөрекілік танытқан әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
«Аталған оқиға бойынша №27 мектеп-лицейі қызметтік тексеру жүргізді. Тергеу барысында 2-сынып оқушысына қатысты мұғалім тарапынан педагогика әдебіне сәйкес келмейтін факті расталды. ҚР Еңбек кодексінің 65-бабының 1-тармағына сәйкес дене шынықтыру мұғаліміне Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің ұсынымы негізінде қатаң сөгіс жарияланды.
Сонымен қатар аталған мектептің 2023 жылғы 30 қаңтардағы «Жұмыстан босату туралы» №19 бұйрығына сәйкес және ҚР Еңбек кодексінің 49-бабының 5-тармағына сәйкес мұғалім жұмыстан шығарылды», - деп хабарлады Білім басқармасының баспасөз қызметінен.
Білім басқармасының ақпаратынша, әдеп нормалары мен талабын сақтау бойынша мектеп ұжымымен профилактикалық жиын өткізілген.
Бүгінде қалалық Полиция департаменті аталған оқиғаға қатысты тергеу жүргізіп жатыр.
«24 қаңтарда сағат 17:22-де «102» арнасына елорда тұрғынынан дене шынықтыру мұғалімі оның 8 жасар қызын итеріп, айғайлағаны туралы арыз түсті. Бұл факті бойынша тергеу жүріп жатыр. Оқушыға сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оның нәтижесі бойынша мұғалімге қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешім қабылданады», - деді аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.