Оқушыны тонаған оқушы ұсталды

Алина есімді Шу қаласының 15 жасар тұрғыны бір апта бұрын Алматыға «табыс табуға» келген. Еш жерде оқымайтын ол алғашқы күннен-ақ Алматы мектептерін торауылдап, нәпақа іздеген. «Самал» ықшамауданында төрт оқушыны алдап, ұялы телефондарын қолға түсірген ол ізін суытқан. Оқушылар мектеп инспекторына хабарлап, шолғыншы қызметін шақырған. Санаулы минуттардан соң күдікті қыз қолға түскен.
«Ұялы телефондар тәркіленді. Алина өз қылмысын мойындап, бұл іске неге барғандығын да айтып берді. Оның жанұясы араққа құмар жандар болып шықты. Қазір еш жерде оқымайтын қыз 9-шы сыныптан соң колледжге түспек болған, алайда оған мүмкіндігі жетпепті. Бос жүргендіктен осындай істермен нәпақа табуға көшкен»,-дейді Медеу аудандық ІІБ-нің бастығы Бақыт Қасабеков.
Оқушыларды тонаған оқушы қыз ата-анасының қолына берілмек.