Оқушының таудан сырғанап мерт болуына қатысты қылмыстық іс қозғалды-ШҚО
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменнің іргесіндегі «Нұртау» шаңғы базасында 17 жастағы қыздың қайтыс болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сырғанақ теуіп жүрген оқушылардың бірі резеңке баллоннан аунап, соңы қайғылы оқиғамен аяқталды.
«Нұртау» ұжымы марқұмның туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Өкінішке орай, қызметкерлердің ескертуі мен тыйым салған белгілерге қарамастан, екі сыныптас рұқсат етілмеген жерден сырғанаған. Резеңке баллонмен сырғанау үшін база да арнайы жол төселген. Ал бұлар шаңғының жолымен түспек болған. Жарақат алған қыз арнайы тасымалдағышпен төменге түсіріліп, кезекші дәрігер шақырылды. Бірақ оны құтқарып қалу мүмкін болмады. Қазір базада тергеу жұмыстары жүріп жатыр» делінген демалыс орнының «Инстаграмдағы» парақшасында.
Қайғылы оқиға кеше болған. Бүгін осыған байланысты Өскемен қаласының білім бөлімі мәлімет таратты.
«Нұртауға» саяхатты №32 мектеп Денсаулық күніне орай ұйымдастырған. Ата-аналардың өтініші бойынша мектеп басшылығы саяхатқа рұқсат берген болатын» - делінген ол ақпаратта.
21 оқушы мінген автобус мектептен таңғы сағат 9.00-де шыққан. Қастарында сынып жетекшілері мен ата-аналар комитетінің өкілдері болған. Қайғылы жағдай туралы мәлімет мектеп директорына 10.53-те айтылыпты.
Бұл оқиға облыстық ішкі істер департаментінің бақылауына алынды.
«Осы оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 141-бабы бойынша сот алды тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Аталмыш бап балалардың өмiрi мен денсаулық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау фактілерін қамтиды. Оқушылар сырғанақ тебуге арналмаған жолмен түскен. Оған қалай жол берілгенін тергеу шаралары анықтайды» - дейді ІІД баспасөз қызметі.
Марқұмның жанында болған оқушының қолы сынған. Қазір ол үйінде.
Фото: fsmsolicitors.co.uk