«Оқымыстыларды орға жыққан ойран» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 14 маусым. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 13 маусым, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Дәл қазіргі дағдарысты адамзат баласының басына түскен нағыз нәубет ретінде қарамасқа болмай барады. Өйткені, оның тұрқы да, тұрпаты да бүгінде жұртты шошындыра бастады. Ең қиыны, одан қашан құтылуға болатынын ешкім білмеуге айналды. Бұған дейін мұндай дағдарыстың сан түрін бастан кешкен әлем жұртшылығы осыдан айран-асыр болып отыр. бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің бейсенбілік санында жарық көрген «Оқымыстыларды орға жыққан ойран» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. «Тағы бір тоқтала кететін жәйт, Жер шары тап осындай экономиканың классикалық теориясына қайшы келетін дағдарысты бұрын-соңды көрген емес», - деп жазады басылым.
«Кеше Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің биылғы жылғы алғашқы отырысы өтті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Жиында негізгі баяндама жасаған Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шәріптің айтуынша, қазір діни ахуалдың қалпына келу үрдісі байқалады. Заң нормаларын жүзеге асыру мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың мазмұнын нақты айқындауға мүмкіндік беріп, заңнамаға сәйкес діни бірлестіктердің қызметі ретке келтірілуде. Мақала «Тиімді үнқатысу алаңы» деген тақырыппен басылған.
***
Қазақ елі өзінің алтын қорын арттыруды бастады. Кеше Парламентте Ұлттық банк басшылығы жыл сайын сатып алатын алтын көлемін жылына 70 тоннаға дейін жеткізетінін жария етті. Және де осынша көлемдегі құнды металл отандық өндірушілерден сатып алынбақ! Қазақстан Көшбасшысы билікті осыған міндеттепті. Бұл жайында «Айқын» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Ұлттық банк тәуелсіздік алғалы тұр» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. Басылымның атап өтуінше, Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің кешегі жалпы отырысында қалаулылар еліміздің алтын-валюталық резервін толықтыру үшін қажетті «тазартылған алтынды сатып алудағы Ұлттық банктің басымдықты құқығын» бекітетін жаңа заңның жобасын бірден екі оқылымда мақұлдады.
***
Бүгінде дәрігердің, қоғамдағы беделі тым төмендеп кетті. Ел арасында: «Дәрігерлер дөрекі сөйлейді, тасжүрек, өз жұмысына енжар қарайды, пара алады» деген секілді түрлі сындар айтылады. Осы жағдайды түзеу үшін не істеу керек? Дәрігерлердің мәртебесін қалай көтереміз? Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің енгізілгеніне де екі жыл уақыт болды. Ол қаншалықты өз жемісін бере алды? Білікті кадрлардың білімін жетілдіру үшін оларды шетелдерге оқуға, тәжірибе алмасуға жіберу жайы қалай? Осы және басқа да сауалдар Алматыдағы №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері, медицина ғылымының докторы Дамир Дәулетбаевпен «Алаш айнасы» газетінің тілшісінің «Дат» айдарымен жарияланған сұхбатында жан-жақты қарастырылған. Екеуара әңгіме «Дәрігердің жалақысы аз болса, көңілі пәс болса, ол науқасты қалай емдейді?» деген тақырыппен берілген.
Бүгінгі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тәуелсіз Қазақстанның кадрлар дайындайтын негізгі орталығының бірі деуге әбден болады. Университетте болған ірі құрылымдық өзгерістердің нәтижесінде кафедралар ірілендіріліп, білім мен ғылымды, инновацияны дамытуға нақты бағыт алды. Нақты нәтижеге бағытталған осындай менеджмент жүйесін таңдаған оқу орнында шын мәнісіндегі жаңару, жандану құбылысы орын алған. Бұл туралы «Алаш айнасы» газетіндегі «Болашақ баспагерлер шетелде де шыңдала алады» деген мақаладан толығырақ оқи аласыздар.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовті қабылдады. К.Мәсімов Қазақстан Президентіне елдің ағымдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы баяндады. Мемлекет басшысы бірінші жартыжылдықтағы елдің даму қорытындылары туралы есепті дайындаудың маңызды екенін атап өтті. «Шілде айының басында мен елдің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша міндеттердің орындалу сапасы мен негізгі көрсеткіштердің нақты нәтижесін тексеретін боламын. Сонымен қатар, егіс науқаны аяқталды, алда астық жинау науқаны тұр. Оны тиімді өткізудің маңызы зор. Сондай-ақ, алдағы қысқы жылыту маусымына дайындықты қазірден бастау қажет. Осы және өзге мәселелер бойынша тиісті тапсырма беру керек», - деді Н.Назарбаев.