«Оқжетпес» Бірінші лиганың чемпионы атанды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетаудың «Оқжетпес» футбол клубы ҚР Бірінші лигасының чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Көкшетауда ҚР Бірінші лигасының 32-турында жергілікті «Оқжетпес» футбол клубы өз алаңында «Тараз» командасын қабылдады. Тартысты өткен кездесуде алаң иелері қонақтарды 1:0 есеп айырмасымен тізе бүктірді. Осылайша 32 ойында 71 ұпай жинаған «Оқжетпес» ФК турнир кестесінде бірінші орынды жеңіп алды. Енді келер маусымда көкшетаулықтар ҚР Премьер лигасында бақ сынайтын болады.
Айта кетейік, жақында бірінші лиганың 31 турында «Оқжетпес» командасы «Қыран» командасымен тең түсіп, премьер лигаға берілетін жолдаманы ұтып алған еді. Осыған байланысты Ақмола облысының әкімі Мəлік Мырзалин жерлестерін құттықтаған болатын.