«Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені шетелдік туристерді несімен қызықтырады
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешеніне біріктірілген шипайжайларда биылғы жеті айда 15 мыңнан астам адам сауығып қайтты. Ең танымал қызмет түрлері емдік жаттығулар, ванналар, балшықпен емдеу және аппараттық физиотерапия болды. Шетелдік туристердің қазақстандық санаторийлерге деген қызығушылығы жайында «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені» АҚ шипажайлар өкілдігінің басшысы Мәдина Бүркітбаева айтып берді.
Оның айтуынша, статистикалық мәліметтерге қарағанда бүгінгі күні елімізде жұмыс істейтін және SPA және Welness шипажайлық-курорттық бағытында орналасқан 173 сауықтыру мекемесінің ішінде мемлекеттік және көп желілік мәртебесіне тек бір ғана бренд – ол «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені ғана ие.
«Құрамына Бурабай кентіндегі «Оқжетпес» шипажайы, Ессентуки қаласындағы «Қазақстан» шипажайы және «Almaty Resort» шипажайы кіретін «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені» АҚ шипайжалар желісі адам денсаулығына жайлылықпен және релаксациямен қарайтын бірегей орындар болып табылады. Біздің қонақтарға деген қамқорлығымыз жоғары сапалы медициналық қызметтермен және әртүрлі демалыс бағдарламаларымен қамтамасыз ету идеясына негізделген. Әрбір қызметкер өз назарын біздің келушілердің қажеттіліктері мен тілектеріне аударады», – деді Мәдина Бүркітбаева.
«Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені 2019 жылдың қараша айында сауықтыру туризмінде «EuropeSPA» халықаралық сертификатын алды және Орталық Азиядағы осындай сертификаты бар алғашқы санаторий атанды. «EuropeSPA» өзін сауықтыру, SPA және Welness саласындағы ең жоғары талаптары бар сапа белгісі ретінде көрсетті. Критерийлер ұлттық және халықаралық нормаларға негізделген және ғылыми консультативтік кеңеспен және салалық сарапшылармен ынтымақтастықта үнемі жетілдіріліп отырады.
«Біздің шипажайлардың қонақүй және мейрамхана қызметіндегі жұлдызды мәртебесін растауда көп жылдық тәжірибеміз бар. Шипажайларымыз тұрақты негізде Халықаралық көрмелер мен форумдарға белсенді қатысады. Мәселен, 2023 жылы «Шипажай -2023» ғылыми халықаралық форумында Қазақстан Республикасындағы ең үздік шипажай атанды. Мәселен, Бурабай кентіндегі бір ғана «Оқжетпес» шипажайына жеті айдың ішінде жеті мыңнан астам демалушы келді. Жаттығу терапиясы, ваннаның бес түрі, душ, жылу және балшықпен емдеу, аппараттық физиотерапия, сондай - ақ АМОК, пантотерапия, массаждар, соның ішінде биоэнергетикалық массаждар ең танымал. 2023 жылы «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені» АҚ желісімен 28,3 мың адамға қызмет көрсетілді. Біздің қонақтардың арасында шетелден келген 1229 қонақ болды, бұл бізге 2022 жылы келген шетелдік туристерден бес есе көп. Қазақстанның басқа өңірлерінен шипажайға келушілер саны 11,6 мың адамды құрады. 2024 жылдың 1 жартыжылдығында шипажайларда 12,6 мың адам сауығып қайтты, оның ішінде 701 шетелдік турист», – деп жалғастырды Мәдина Бүркітбаева.
Айтуынша, шипажайларға шетелден келетіндердің арасында 60 пайыздан астамы Ресей азаматтары, 15 пайыздан астамы Германия азаматтары, 12 пайызы Еуропаның басқа елдерінің азаматтары. Сонымен бірге, Өзбекстан тұрғындарының үлесі 7 пайыз, АҚШ пен Қытай тұрғындары 2 пайыз, БАӘ 1 пайыз, басқа елдерге 5 пайыздан тиесілі.
«Қонақтарды, оның ішінде шетелдік туристерді диеталық және қазақ тағамдары, шипажайлардың бірегей орналасуы, сондай-ақ климатотерапия, пантотерапия, массаждар, қымыз терапиясы, Нафталан өнімдерімен емдеу тәрізді өзге де сауықтыру түрлері қызықтырады», – деп толықтырды Мәдина Бүркітбаева.
Шипажай қонағының орташа жасы – 35 пен 68 жас аралығындағы Ресей азаматтары, олар сауықтыру бағдарламасы ретінде Климаттық терапияны, «стреске қарсы» сауықтыру бағдарламасын таңдайды. Бірақ емдік бағдарламадан басқа әрбір шетелдік қонаққа қазақ қонақжайлылығының және Қазақстанның тарихы мен мәдениетімен тығыз танысудың бірегей жағдайлары жасалады.
«2024 жылдың шілдесінен бастап «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені» АҚ шипажайларында «Qazaq Nomad Resort & Qazaq Emi» 2024-2026 жылдарға арналған» даму тұжырымдамасы әзірленді, осыған сәйкес негізгі мақсат шипажайлар желісіне келушілер санының артуымен қазақ халқының этномәдени мұрасына негізделген ұлттық туристік өнімді жасау болып табылады. Біздің шипажайлар желісінің қызметіндегі ажырамас бөлігі әлемдік қоғамдастықта ұлттық бірегейлікті нығайту, сондай-ақ шетелдік азаматтарды қазақша сауықтыруға тарту. Тұжырымдаманы орындау аясында күн сайын ұлттық тағам және қымыз күндері өткізіледі. Ұлттық элементтің дизайнымен жыл сайын нөмірлік қорды 20 пайызға дейін жаңарту жүргізілуде. Сондай-ақ тұрақты негізде ҚР мәдениет қайраткерлерімен концерттер мен кездесулер, қазақ музыкасы, кино кештері және қазақ суретшілерінің көрмелері өткізіледі. шипажайлардың орналасқан жері бойынша жексенбілік маршруттар беріледі, – деп қосты Мәдина Бүркітбаева.
Мысалы, «Оқжетпес» шипажайы Абылай хан алаңының жанында орналасқан, онда әрбір турист қазақ мәдениетінің әсемдігімен танысып, бүркітті қолына қондырып, атқа мініп, киімін ауыстырып, бір минутқа батыр немесе ханшайым бола алады.
2024 жылдың шілдесінен бастап Алматы қаласындағы «Оқжетпес» шипажайының филиалы Алматы мен облыстың көркем жерлері – Көлсай көлі, Шарын шатқалы, Есік көлі, Медеу-Шымбұлақ, Түрген сарқырамасы, Алматы-Арасан шатқалы, Кешкі Алматы бойынша туристік маршруттар бойынша жексенбілік экскурсиялық бағдарламаны таныстырды.
«Сонымен қатар, біздің шипажайлар елшіліктермен, ірі шетелдік компаниялардың өкілдерімен, туристік фирмалармен сауықтыру секторындағы тәжірибе алмасу, клиенттерді тарту және мәдени-ойын-сауық өзара іс-қимыл жасау тұрғысынан белсенді араласады. 2023 жылы Қазақстандық халықаралық туризм қауымдастығымен, Қырғызстан Республикасының туризм қауымдастығымен, «TopMedClinic», «Multiasking Corporation Co» (БАӘ) компанияларымен және тағы басқалармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. 2023 жылдан бастап Астана қаласында йога және аюрведа бағдарламаларын кезең-кезеңімен енгізу шеңберінде Үндістан Елшілігімен және Свами Вивиканда атындағы мәдени орталықпен серіктестік басталды. 2024 жылы «Switzerland Tourism» Ұлттық туризм кеңсесімен меморандумға қол қойылды. Қазақстанға жасаған сапар барысында денсаулығыңызды жақсарту үшін «Оқжетпес» шипажайлар желісін таңдағаныңыз үшін біздің команда атынан алғыс айтамын!» – деп түйіндеді Мәдина Бүркітбаева.
Айта кетсек, бұдан бұрын «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінде қызмет аясы кеңейіп келе жатқанын жазған едік.