Ол финалға шықса, маған жұбаныш белдесуде күресуге мүмкіндік туады - Айдос Сұлтанғали

ПАРИЖ. KAZINFORM — Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бүгін грек-рим күресінен ел намысын қорғаған Айдос Сұлтанғали жарыстан кейін пікірін білдірді.

Айдос Сұлтанғали
Фото: olympic.kz

«Белдесу өте қиын болды. Қарсыласым өте мықты балуан екенін білесіздер. Басында жап-жақсы ұтып жатып, соңында жеңіліп қалдым. Бар күшімді салдым, бапкерлерімнің айтқан кеңесі бойынша күрестім. Өкінішке қарай, сәтсіздік жетпей қалды. Енді мен оның финалға шыққанын қалаймын. Егер ол финалға шығып жатса, маған жұбаныш белдесуінде тағы бір бақ сынауға мүмкіндік туады. Егер, солай болып жатса, бар күшімді саламын», - деді Айдос Сұлтанғали жарыстан кейін. 

Ол алғашқы белдесуінде 2 дүркін әлем чемпионы, тағы 2 дүркін күміс жүлдегері, Ханчжоудағы Азия ойындарының жеңімпазы, Азиянын 3 дүркін чемпионы қырғызстандық Жоламан Шаршенбековпен белдесіп, 6:3 есебімен ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, бүгін аса ауыр салмақта Әлімхан Сыздықов Париж Олимпиадасының ширек финалына шықты.

Естеріңізге сала кетейік, Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 11 тамызда мәресіне жетеді. Ойындарға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысып жатыр. Олимпиадашылар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салып жатыр.