Ольга Рыпакова: Көрсеткішім Токио нормативіне сай екені қуантады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Лозаннада өткен жеңіл атлетикадан «Гауһар лигасына» қатысқан екі спортшымыз сегіздікке енгенін хабарлаған болатынбыз. Ольга Сафронова 200 метрге жүгіруден 7-ші орын иеленсе, Ольга Рыпакова үш қарғып секіруден 8-ші сатыға тұрақтады, деп жазады olympic.kz.
Осы орайда, Лондон Олимпиадасының чемпионы Лозаннадағы кезеңді қорытындылады.
«Лозаннадағы турнирде өз әлеуетімді толығымен көрсете алмадым. Дегенмен көрсеткішімнің Токио Олимпиадасының нормативіне сай екені қуантады. Мұндағы сегізінші орын көңілімді түсірмейді. Лозаннада толық екпін алып секірген болатынмын. Әзірге толық күшімді көрсете алмайтынымды түсіндім. Сондықтан, Монакода өтетін келесі жарыста екпінді азайтамын. Жаттығуды одан әрі жалғастырамыз. Ең мықты дайындық жарыс екенін ұмытпау қажет», - деп жазды Рыпакова әлеуметтік желідегі парақшасында.
Еске сала кетейік, Ольга Рыпакова Лозаннада 14.35 метрге секірген болатын.