Ольга Рыпакова құрлықаралық кубокта жүлдегер атанды

ҚР Жеңіл атлетика федерациясы хабарлағандай, Азия құрлығынан қатысқан қазақстандық спортшы Ольга Рыпакова үш қарғып секіруден күміс жүлдеге ие болды.
Жалпы бұл жарысқа төрт құрлықтың құрамалары қатысып жатыр: Еуропа, Америка, Африка және Азия-Мұхит аралдары елдері. Құрлықаралық кубоктың бағдарламасында 37 сайыс түрі енгізілген (18-і ерлер арасында, 18-і әйелдер арасында және 4х400 метрлік аралас эстафета).
Әрбір сайыс бойынша спортшыларға ұпай үлестіріледі. Сол бойынша үздік құрлықтық команда анықталады. Бір сайыс түрінен әрбір құрлықтан 2 спортшы қатысады. Жарыс екі күнге жалғасады. Бүгін, 8 қыркүйек күні қазақстандық Ольга Рыпакова жарыс жолына шығып, екінші орынға ие болды.
33 жастағы отандасымыз 14.26 метрге секірді. Осыдан 9 күн бұрын Рыпакова Жакартадағы Азия ойындарында да 14.26 метрді бағындырған.
Үш қарғып секіруден құрлықаралық кубоктың алтыны Американың атынан қатысқан Олимпиада чемпионы колумбиялық Катрин Ибаргуэнге бұйырды.Ол Чеxияда 14,76 метрге секірді. Қола жүлдені Еуропа намысын қорғаған грекиялық Параскеви Папахристу еншіледі - 14,22.
Айта кетейік, IAAF-тың құрлықаралық кубогы ең алғаш рет 2010 жылы Сплитте өткізілген. Хорватияда Қазақстан атынан қатысқан Ольга Рыпакова 15.25 метрге секіріп, Азияның рекордын жаңартқан. Сондай-ақ, өзінің спорттық карьерасындағы үздік нәтижені тіркеген болатын.