Өлейін деп жатқан ит телефонмен көмек шақырған

АСТАНА. 30 наурыз. ҚазАқпарат - Ұлыбританияда бассет-хаунд тұқымына жататын ит телефонның сымына оратылып қалып, өзі сол телефон арқылы көмек шақырған, деп жазады The Sun.

Өлейін деп жатқан ит телефонмен көмек шақырған

Қалай екені белгісіз, ол құтқару қызметінің «999» деген нөмірін терген. Тұтқаның арғы жағындағы оператор қырылдаған дауысты естіп, телефон нөмірі арқылы үйдің мекен-жайын анықтаған және жақын маңдағы полиция қызметкерлерін көмекке жіберген.

Аталмыш үйге тез арада жеткен тәртіп сақшылары есікті ешкім ашпаған соң, сындырып кірмек болады. Алайда сол кезде үйдің көршісі - Пол Уокер келе қалып, қосалқы кілтпен ашып береді. Полицейлер көршімен бірге үйге кіріп, көмек сұраған «жанды» іздеуге кіріседі. Бір-екі бөлмені тінткеннен кейін, көрші қонақ бөлмеде телефон сымына оралып, қылқынып өлейін деп жатқан Джорджты (иттің аты) тауып алады. Ол дереу сымды қиып, итті босатып жібереді.

Болған оқиға туралы үйдің иелері Стив Браун мен оның қызы Лидия жұмыстарынан оралған соң ғана білді. Лидияның айтуынша, Джорджтың құтқару қызметінің нөмірін теруі Құдайдың сақтағаны көрінеді. «Әйтпесе ол анау айтқандай ақылды да емес. Өзі аздап ақымақтау, жалқаулау, сонымен қатар, шұлық шайнап жата беруді ұнатады», - дейді «Құдай сақтағыш» иттің иесі.