Ольга Рыпакова Азия Олимпиада кеңесі Атқарушы комитетінің құрамына енді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті спортшылар комиссиясының төрайымы Ольга Рыпакова Азия Олимпиада кеңесі Атқарушы комитетінің құрамына енді.
ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті мәлім еткендей, олимпиада чемпионының кандидатурасы бұл күндері Делиде (Үндістан) өтіп жатқан Олимпиадалық қозғалыс құрлықтық органының Бас Ассамблеясы кезінде АОК Атқарушы комитетінің қарауына ұсынылған болатын.
Ассамблеяға қатысушылар Ольга Рыпакованың кандидатурасын бірауыздан қолдады. Айта кетелік, Рыпакова АОК Атқарушы комитетінде Орталық Азия аймағындағы әйел өкіл ретінде жұмыс істейді.
Сондай-ақ, отырыс барысында АОК президенті сайланып, Раджа Рандхир Сингх (Үндістан) ұйым басшысы ретінде қайта сайланды.
Естеріңізге сала кетейік, Ольга Рыпакова 1984 жылы 30 қарашада Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Ол – ұзындыққа секіру, семиборье және үш қарғып секіруден маманданған қазақстандық спортшы. Үш қарғып секіруден Лондон Олимпиадасының чемпионы (2012), үш қарғып секіруден Пекиндегі Олимпиада ойындарының (2008) және Рио-де-Жанейро Жазғы Олимпиада ойындарының (2016) жүлдегері.