Ольга Рыпакованың жүлдесіне арналған XI халықаралық турнир өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы 14 ақпанда Өскеменде жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың жүлдесіне арналған XI халықаралық турнир өтеді, - деп хабарлайды Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметі.

Ольга Рыпакова
Фото Ольга Рыпакованың жеке архивінен

Аталған дәстүрлі дода «Ольга Рыпакова» атындағы жеңіл атлетика орталығанда өтпек.

Турнирге 11 мемлекеттен 150-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланған. Атап айтқанда, Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Грузия, Украина, Армения, Үндістан, Грекия, Түркия және Литва елдерінің үздік спортшылары өзара мықтыны анықтамақ.

Қатысушы елдердің кең географиясы жарыстың жоғары халықаралық мәртебесін және шетелдік ұлттық федерациялардың қызығушылығын көрсетеді.

Халықаралық турнирде саны жағынан ең көп құрама қазақстандық атлеттер. Елімізден барлығы 89 атлет (41 ер адам және 48 әйел) қатыспақ. Қазақстандық спортшылар жарыс бағдарламасының барлық түрлері бойынша сынға түседі.

Жарыс бағдарламасы

Ерлер:

60 м, 400 м, 800 м, 3000 м, 60 м кедергілермен жүгіру, сырықпен секіру, ядро лақтыру, үш қарғып секіру.

Әйелдер:

60 м, 400 м, 800 м, 3000 м, 60 м кедергілермен жүгіру, биіктікке секіру, үш қарғып секіру, ұзындыққа секіру, 4×200 м эстафеталық жүгіру (микс — 2 әйел және 2 ер адам).

Қатысушылар тізімінде ұлттық құрамалардың көшбасшылары, халықаралық жарыстардың жүлдегерлері, Азия чемпиондары, Қазақстан Республикасының рекордшылары, сондай-ақ болашағынан үміт күттіретін жасөспірімдер мен жастар бар. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысының жетекші спортшылары да қатысады.

Қазақстан құрамасының өкілдері:

Давид Ефремов, Виталий Земс, Алмат Төлебаев, Андрей Соколов, Эльнор Мұхитдинов, Иван Товченик, Тахир Қадырқұлов, Зелимхан Насыров, Евгений Архипов, Игорь Хрунин, Ольга Сафронова, Виктория Ан, Надежда Дубовицкая, Елизавета Матвеева, Кристина Овчинникова, Анастасия Рыпакова, Мария Ефремова, Юлия Башманова, Аделина Земс, Александра Залюбовская және т.б.

Ольга Рыпакованың жүлдесіне арналған турнир дәстүрлі түрде халықаралық жеңіл атлетикалық жарыстар күнтізбесіне енеді және әлем чемпионатына іріктеу нормативтерін орындауға, жас спортшыларды дамытуға көмектеседі. Сондай-ақ, халықаралық ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды алаң болып табылады.

Естеріңізге сала кетейік, Ольга Рыпакова - қазақстандық жеңіл атлетика спортшысы. Ол 1984 жылы 30 қарашада Өскеменде дүниеге келген.
Аты аңызға айналған отандасымыз 2012 жылы Олимпиада чемпионы, 2008 жылы Олимпиаданың күміс жүлдегері ал, 2016 жылы тағы да төртжылдық доданың қола жүлдегері атанған болатын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. 

Айта кетейік, осыған дейін жеңіл атлетикадан Азия чемпионатында екі қазақстандық спортшы финалға шыққанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар