Өлген адамның атына жалған кәсіпорын тіркеген алаяқтар ұсталды - қаржы полициясы

АСТАНА. Қыркүйектің 23-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -Қаржы полициясының өкілдері өзге біреудің кейде тіпті өмірден өткен адамдардың атына жалған кәсіпорындарды тіркеу әрекеттерін анықтады.

Өлген адамның атына жалған кәсіпорын тіркеген алаяқтар ұсталды - қаржы полициясы

 Бұл мәселеге байланысты мәліметтермен бүгін Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, Алматыда 2006-2008 жылдар аралығында өзге адамдардың атына 8 жалған кәсіпорын тіркеп, мемлекетті 20 миллиард теңгеге шығындандырған 2 азамат ұсталған. Аталған азаматтар қазір сот үікімін күтіп отыр. Осы қалада М.Савченко атты азамат 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол өзінің сыбайласымен алдын ала сөз байласу арқылы 2006-2009 жылдар аралығында бірнеше жалған кәсіпорынды өзге адамдардың атына тіркеген. Олардың арасында бұрын қайтыс болған азаматтар да бар. Сөйтіп, алаяқтар мемлекетке 7 миллиард 719 мың теңге шығын келтірген. Қазіргі таңда алаяқтардың біреуі ұсталып, екіншісіне іздеу жарияланған. «Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысында Д.Жәнібеков атты азамат «Береке78» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, оның бюджет алдындағы қарызын өтемеу үшін әдейі банкротқа ұшыратқан. Соның салдарынан мемлекетке келген зиян 199 миллион теңгені құрады. Ал айыпта азамат 1 жылға бас бостандығынан айырылды», деді ресми өкіл.