Өлген адамның дене мүшелерін донор ретінде пайдалануды Қазақстанда да жүзеге асыру қажет - Республикалық жедел медициналық жәрдем орталығының өкілі

АСТАНА. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Өлген адамның дене мүшелерін донор ретінде пайдалануды Қазақстанда да жүзеге асыру қажет»,

Өлген адамның дене мүшелерін донор ретінде пайдалануды Қазақстанда да жүзеге асыру қажет - Республикалық жедел медициналық жәрдем орталығының өкілі

дейді «Республикалық жедел медициналық жәрдем орталығы» акционерлік қоғамының трансплантология жөніндегі кеңесшісі Ғани Құттымұратов. Бұл туралы ол бүгін трансплантология мәселесіне арналған журналистермен болған баспасөз мәслихатында айтты.

Қазақстанда биылғы жылы бүйректі ауыстырумен байланысты 13 операция жасалған. «Олардың барлығына да тірі адамдар донор болды. Сонымен қатар бізде алғаш рет бауырды трансплантациялау шарасы жүзеге асырылды. Ол да тірі донордан алынды. Ал өлген адамды донор ретінде пайдалану жағдайы бізде осы уақытқа дейін болған емес. Бұл мәселе қазір қазақстандық медицина үшін үшін үлкен проблемаға айналып отыр. Бізде өлген адамның дене мүшелерін пайдалану заңға қайшы емес. Сондықтан бұл шараны жүзеге асыруға қажетті жағдайлардың барлығы жасалды.

Трансплантацияны жүзеге асыратын шет мемлекеттерден білім алып келген білікті мамандар да бар. Осы себепті бізге бүгін мәйітті донор ретінде пайдалануды жолға қою қажет»,-деді Ғ.Құттымұратов.

Сондай-ақ ол сөзінде осы мәселені бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қалың көпшілікке жеткізсек деген ниеттері бар екендігін де жасырмады. «Өлген адамды мәйіт ретінде пайдалануды қазір қалың көпшілік арасында кеңінен насихаттаған дұрыс. Өйткені бұған жұртшылық арасында үрке қарайтындар жетерлік. Ал шын мәнінде бұл адамгершілік жағынан алғанда мән-маңызы зор игілікті іс»,-дейді акционерлік қоғамның кеңесшісі.