Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

1,1 трлн теңге: қайтарылған активтер қайда жұмсалып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы заңсыз активтерді мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі заңға қол қойды. Содан бері заңсыз иемденілген активтерді анықтау және қайтару жұмыстары жүргізіліп келеді. Қайтарылған активтер қалай басқарылып, одан түскен қаржы қайда жұмсалып жатыр? Kazinform тілшісі анықтап көрді.

қайтарылған активтер
Фото: Kazinform/ЖИ

Үш жылда 1,154 триллион теңге қайтарылды

Мемлекет басшысы осыдан үш жыл бұрын «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға қол қойғаннан кейін Бас прокуратура жанынан жеке комитет құрылып, заңсыз иемденген қаржының есебін шығаруға кіріскен. 

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының мәліметінше, 2023 жылғы қыркүйектен бері мемлекетке 1,154 трлн теңгенің активтері қайтарылған. 2024 жылы — 302,581 млрд теңге, 2025 жылы — 773,776 млрд теңге, биыл — 77,712 млрд теңге көлемінде заңсыз актив мемлекет меншігіне өтті.

Оның ішінде:

  • ақша (1,044 трлн теңге);
  • жылжымайтын мүліктер (75,712 млрд теңге);
  • компаниялардағы үлестер (12,16 млрд теңге);
  • жер учаскелері (19,243 млрд теңге);
  • өзге де активтер (2,953 млрд теңге) бар.
қайтарылған активтер
Инфографика: Kazinform

Жалпы әлемдік тәжірибеде заңсыз активтерді қайтару ұзақ әрі қиын процесс болып есептеледі. Қазақстан бұл жұмысты барынша жүйелі әрі ашық жүргізудің шешімін тапқан. Сондықтан активтерді қайтарумен бір емес, бірнеше мекеме айналысады, әрбірінің өз құзыреті мен нақты міндеті бар. Түсінікті болу үшін процесті екі кезеңге бөліп қараған жеңіл.

Біріншісі — активтерді қайтару. Мысалы, Бас прокуратура кімнің қандай заңсыз мүлкі барын анықтап, шетелдегі активтерді қайтару мәселесімен айналысады. Ал Арнайы комиссия кімнің мүлкін қайтару керегін шешіп, борышкерлер тізімі мен мүлікті қайтару жолын белгілейді.

Екінші кезең — активтерді басқару. Бұл сатыда қос құрылым қатар жұмыс істейді. «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС қайтарылған мүліктерді бақылауына алып, кейін оны сату, жалға беру, мемлекет меншігіне өткізу сияқты шешімдер қабылдайды. Ал Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті қайтарылған активті басқарып ғана қоймай, оны сатудан түскен қаражатты Арнайы мемлекеттік қорға аударады. Бұл қаражат кейін мектеп, аурухана салу сияқты әлеуметтік және экономикалық жобаларға жұмсалуы керек.

Осы орайда Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Қаржылық мониторинг агенттігінің атқаратын рөлі де зор. Қос ведомство барлық істің заң шеңберінде атқарылуын жіті қадағалап, ашықтықты қамтамасыз етеді.

Заң ғылымдарының докторы Марат Бәшімовтің айтуынша, заңсыз активтерді қайтарудың қиын тұстары бар.

— Қайтарылған активтер қаржылай түрде келе бермейді, кейде жылжымайтын мүлік күйінде қайтарылуы мүмкін. Ол мүліктерді басқару, күтіп ұстау қосымша шығынды талап етеді.

Екіншіден, шетелдегі заңсыз активтерді қайтару жолы күрделі. Халықаралық және адам құқықтарына қатысты сот істері ұзақ уақыт алады. Оның үстіне әр елдің активтерді қайтаруға қатысты талаптары әртүрлі, — дейді сарапшы.

Марат Бәшімовтің пайымдауынша, соған қарамастан заңсыз активтерді анықтап, мемлекет меншігіне қайтару бағытында айтарлықтай нәтижелер бар. Оған цифрландыру бастамасының көмегі де мол.

— Бұл мәселеде шығар жол тек цифрландыру мен ашықтықта жатыр. Азаматтардың міндетті декларация тапсыруы, әділ жұмыс істеуі негізгі қозғаушы күш екенін түсінуіміз шарт.

Оған қоса экономиканы жаппай цифрландыру үрдісі өте тиімді жеміс берді. Қазір Қаржылық мониторинг агенттігі барлық күдік тудыратын аударымдарды бақылауға мүмкіндігі бар. Бұл бюджет қаржысын жымқыру, заңсыз мүлік илену сияқты қауіптің алдын алады, — дейді спикер.

Қаржы қалай қайтарылады?

Көпшілік сот шешімі шыққаннан кейін активтерді қайтару жұмыс аяқталады деп ойлайды. Алайда бұл — қате пікір. «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-ның бас директоры Қуанышбек Мұқаштың сөзінше, негізгі жұмыс дәл сол кезеде басталады.

Қысқаша айтсақ, сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін актив мемлекет меншігіне өтеді. Бұл ақшалай қаражат болса, ол тікелей Арнайы мемлекеттік қорға аударылады. Ал жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, кәсіпорындар, көлік құралдары және өзге де мүліктер «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-ның басқаруына беріледі.

— Біздің міндетіміз — олардың сақталуын қамтамасыз ету, ең тиімді басқару тәсілін айқындап, одан әрі тиімді пайдалануды ұйымдастыру. Қазақстан аумағындағы барлық актив e-Qazyna электрондық сауда алаңы арқы­лы сатылады. Бұл сауда-саттықтың ашық әрі жария өтуіне, барлық қатысушыға тең мүмкіндік берілуіне жағдай жасайды, — деп түсіндірді компания директоры.

Қуанышбек Мұқаш активтер сатылғаннан кейін немесе жалға берілген жағдайда барлық қаражат Арнаулы мемлекеттік қорға аударылады деген пікір айтты. Оның сөзінше, жүйенің нақты алгоритмі қалыптасқан: активті қайтару — басқару — сату — Арнайы мемлекеттік қорға аудару — әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыру.

— Дәл осы жүйе қайтарылған актив­тердің нақты нәтижеге айналуына мүм­кіндік береді. Оның игілігін бүгін халық жаңа мектептерден, аурухана­лардан, ауыз су нысандарынан және басқа да әлеуметтік инфрақұрылымнан көріп отыр, — деп қосты Қуанышбек Мұқаш.

Мектеп, аурухана, спорт зал: «қайтқан малда қайыр бар»

Жоғарыда айтып өткеніміздей, қайтарылған қаржы мен заңсыз активтерді сатудан түскен қаражат Арнайы мемлекеттік қорға аударылады. Кейін бұл қаражат әлеуметтік салаға, инвестицияға жұмсалуы қажет.

Бүгінге дейін Арнаулы мемлекеттік қордан 466 әлеуметтік нысанның құрылысы мен жөндеуге 617,698 млрд теңге бөлінген:

  • сумен қамту саласында — 235 нысан;
  • медицина саласында — 190 нысан;
  • білім беру саласында — 17 нысан;
  • инфрақұрылым саласында — 11 нысан;
  • көлік саласында — 7 нысан;
  • спорт саласында — 6 спорт нысанға қаржы қаралды.
қайтарылған актив
Инфографика: Kazinform

Бас прокуратураның дерегінше, бұл нысандардың басым бөлігі, 349-ы пайдалануға беріліпті. Атап айтқанда, 188 сумен жабдықтау нысаны, 163 денсаулық сақтау нысаны, жеті білім беру нысаны, үш спорт нысаны және бір көлік инфрақұрылымының құрылысы мен жөндеу жұмысы аяқталған. Сонымен қатар екі инфрақұрылымдық нысан толық бітті.

Осы орайда қайтарылған қаржыға қандай нысандар салынып жатқаны және олардың қай өңірлерде орналасқаны туралы сұрақ туындайды. Бас прокуратура бұл мәселеге де жауап берді. Ресми мәліметке қарағанда, Арнаулы мемлекеттік қор қаражатын өңірлер мен республикалық маңызы бар қалалар арасында бөлумен Республикалық бюджет комиссиясын жүргізеді екен. Әзірше белгілісі, ең көп жоба Шығыс Қазақстан облысына тиесілі — 78,998 млрд теңге, Солтүстік Қазақстан облысына — 69,478 млрд теңге, сондай-ақ елордаға — 64,725 млрд теңге бағытталған.

— Қаражат орталық және жергілікті атқарушы органдардан түскен өтінішке қарап бөлінеді. Бюджет заңнамасы аясында әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға нысаналы түрде бағытталады.

Қаражат бөлінгеннен кейін оны игеру қаржылық бақылау, мемлекеттік аудит, қазынашылық сүйемелдеу және тапсырыс берушілер тарапынан бақылау рәсімі жүзеге асады. Бақылау кезінде шығындардың мақсатқа сәйкестігі, орындалып жатқан жұмыстың бекітілген жобалық-сметалық құжатқа сай болуы, орындалған жұмыстардың көлемі мен құны, сондай-ақ жасалған шарт талаптарының сақталуы тексеріледі, — делінген Бас прокуратураның Kazinform-ға берген жауабында.

Ведомствоның дерегінше, қаржыны әлеуметтік салаға жұмсаудың барлық сатысы ашық әрі әділ. Халық қайтарылған қаржының қайда кетіп жатқанын жария есептерден көре алады. Ақпарат жергілікті әкімдіктер мен жауапты министрліктердің ресми сайттарында жарияланады.

Қорыта айтқанда, қазіргі уақытта қайтарылған активтерден түскен қаржыға 102 әлеуметтік нысан бой көтеріп жатыр, оған 365,4 млрд теңге бөлінген. Жыл соңына дейін 93 нысанды іске асыру жоспарланып отыр. Осы тұрғыда басты міндет іске асырылып жатқан жобаларды сапалы аяқтап, бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуы екені анық. Өйткені қайтарылған активтердің маңызы олардың көлемімен емес, халықтың әлеуметтік ахуалына тигізген өзгеріспен өлшенеді.

Еске салайық, бұған дейін Астанада қайтарылған активтер есебінен 1 200 оқушыға арналған жаңа мектеп салынатынын жаздық.